Бес кенші қаза тапқан "Қазақстан" шахтасындағы өрт: сот үкімі шықты

Көркем Алдабергенова 25 ақп. 2025 11:44 708

Бүгін Шахтинск қаласының соты "Қазақстан" шахтасындағы өрт пен бес шахтердің өліміне кінәлі деп танылған төрт айыпталушыға үкім шығарды. Қайғылы оқиға шахта "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының иелігінде болған кезеңде болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Казтагқа сілтеп.

Судья Данияр Алменов сот үкімін жариялады.

"Айыпталушыларды төрт жылға бас бостандығынан айырып, жазаны қауіпсіздігі төмен колонияда өтеу туралы және үш жыл бойы тау-кен өндірісі саласындағы басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыру туралы шешім қабылданды. Олардың кінәсі толық дәлелденді: жұмыс барысындағы заңбұзушылықтарға қарамастан, өндірісті тоқтатпағаны, орташа жанғыштықтағы тасымалдау лентасын орнатқаны және жөндеу ауысымында тазалау мен жонуға рұқсат қағазы берілмегені анықталды", – деді судья.

Сот айыпталушыларды "тау-кен және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу" бабы бойынша кінәлі деп тапты. Судья сот залында барлық айыпталушыларды қамауға алуға үкім шығарып, жаза мерзімін оларды ұстаған күннен бастап есептеу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, үйқамақта болған уақыттары жалпы жаза мерзіміне қосылды. Үкімге шағым түсіруге болады.

Алайда, сот қаза болған шахтерлердің отбасыларының моральдық шығынды өндіру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар