Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Берік Уәли бұған дейін Президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы қызметін атқарды.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - деп жазылған Ақорданың хабарламасында.
Берік Уәли кім, бұған дейін қандай қызмет атқарды?
Берік Уәли 1977 жылы Семейде дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Кинотанушы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» (магистратура), сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телекомпаниясында «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі болып бастаған.
1998-1999 жылдары – «НТК» телеарнасында «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының шығарушы редакторы.
2000-2007 жылдары – «31 канал» телерадиокомпаниясында» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының бас редакторы, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Дода» саяси ток-шоуының бас редакторы әрі жүргізушісі.
2007-2012 жылдары – «Хабар» Агенттігі» АҚ Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы жаңалықтар қызметінің тілшісі, «Бетпе-бет» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі.
2009-2012 жылдары – «Нұр Отан» партиясы «Нұр-Медиа» ЖШС Жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының басшысы.
2012-2015 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің жетекшісі, Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы.
2015-2016 жылдары – «Нұр-Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі.
2016-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры.
2017-2018 жылдары – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «1-студия» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі.
2018-2019 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы.
2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.
2022-2023 жылдары – «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
2023 жылғы 12 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.
Ол - «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2011), «Парасат» (2024), «Құрмет» (2019) ордендерінің, ҚР Президенті Алғысының (2021), ҚР Президенті Әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің (2022) және 5 мерекелік медаль иегері.
"Президенттің кез келген тапсырмасы еліміз үшін аса маңызды"
Жуырда Берік Уәли «Айқын» газетіне көлемді сұхбат беріп, Президенттің кез келген тапсырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды екенін айтқан еді.
«Президенттің кез келген тапсырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы саясаттағы ұтқырлықты әлеуметтік-экономикалық дамудағы нақты қадамдармен үйлестіруді жөн санайды. Яғни, түбегейлі өзгерістерге жол ашқан реформалардың орындалуы еліміздің әл-ауқатынан да көрініс табуға тиіс. Осы ретте бір жыл бұрын жаңадан жасақталған Үкіметке өте үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені Президентіміз айтқандай, қазіргі кезең жаһан жұртшылығына жеңіл тиіп отырған жоқ. Ірі державалар арасындағы әртүрлі текетірес, соның ішінде экономикалық санкциялар саясатын күшейту, әр жерде маздаған кикілжіңдер мен бейбіт тұрғындардың мазасын қашырған қарулы қақтығыстар бүгінде әлем елдерін қатты алаңдатады.
Сондай-ақ соңғы жылдары климаттық өзгерістер де анық байқала бастады. Технологиялық жарыс нәтижелері бұрын-соңды болмаған бәсекелестік тудырды. Міне, осы іспетті сын-қатерлер елімізді барлық салада бетпе-бет келетін күрделі күрмеулерді дер кезінде, тіпті алдын ала шешіп отыруға міндеттейді. Шиырып айтқанда, көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиімділігін арттыру, артық шығынды болдырмауға баса мән беру керегін қадап айтты. Президент баяндамасының негізгі жүлгесі осыған саяды», — деді Берік Уәли бұған дейінгі сұхбатында.