Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау дерегі бойынша тергеу аяқталды. Қазір тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін сот күдіктіге екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған болатын.
"Тергеу аяқталды, қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Осыдан кейін іс прокуратураға, содан соң сотқа жіберіледі. Әзірге сот процесі басталған жоқ", - деп түсіндірді сот өкілдері.
Әкімдік маңындағы атыс туралы
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған бұған дейінгі ДСМ хабарламасында.