Берденовке жасалған шабуыл: куәгер сотта не деді?

Сағыныш Сардарова 06 там. 2025 16:50

Шымкент әкімі Руслан Берденовке қастандық ісі бойынша сот отырысында куәлерден жауап алынып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ulysmedia.kz мәліметінше, сотта куә Арай Қамытбекова сол күні әкімдік алдында мылтық атылғаннан кейін полиция шақырғанын айтқан. Ол сол күнгі оқиғаны былай деп сипаттады:

"Бұл кісі сол адамдарға қарата оқ атты. Бірінші оқ атылғанда мен бірден 102 батырмасын басып, полиция қызметкерлеріне баяндадым, осындай-осындай әкімдік алдында деп. Сол баяндап жатқанда уақытта үш-төрт рет тағы да оқ атылды. Ол кезде классика киінген кісі жүгіріп жүрді. Бұл кісі артынан қуалап жүрді. Сол кезде машинада бір ер кісі болды. Сол кісі бұл кісіні тартып құлатты жерге. Бұл кісі құлағаннан кейін уже менің құрбым жүгірді сол жаққа қарай. Мен 102 қызметкеріне түсіндіре алмай жатырмын. Олар сұрақ қоя бастады. Мен трубканы қоямын. Бұл кісіні әкімдіктен шыққан кісілер жерге жатқан жерінде теріс қаратып ұстап тұр екен. Жерде жарақаттанып жатқан кісіге барамын. Сол кісінің алдында отырамын. Сол кезде бір естіген сөзім «ол менің туған әйелім еді ғой» деді ме сондай сөз шықты. «Сенің кесіріңнен мен қазір соттан келе жатырмын» деді немесе «сотқа шағымданып жатырмын» деді. Бұл кісіні күштеп жатқан кезде «өлтіремін» деп сол кісіге қарай оқталып, орнынан тұрмақшы болды. Үш-төрт кісі бұл кісіні ұстап тұрды. та полиция қызметкерлері келді", – деді ол.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелгені хабарланды. Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.

Себебі Руслан Берденов алдын ала тыңдауға өзі келмеген еді. Оның өкілі Руслан Берденов ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Әкімдік маңындағы атыс туралы

21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Артынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл іс бойынша басты күдікті - Ернар Жиембай. Ашық форматта өткен алдын ала тыңдау кезінде судья Жиембайдың сот процесі барысында өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар