Ақмола облысында 2019 жылы белсенді Ғалы Бақтыбаевты Атасудағы өз үйінде өлтіріп кеткен адам сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі Ақмола облыстық сотына сілтеме жасап. Қылмыстық іс сотта бірнеше рет қаралған болатын. Соңғы рет ол кісі өлтіруді ұйымдастырушылар мен орындаушыларға кезекті үкім шығарған Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына қарауға жіберілген. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. "Сот үкімімен төрт айыпталушы Б., А., М. және Ж. қастандық бойынша адамдар тобының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін; атыс қаруын қолданумен жасалған бұзақылық; заңсыз сатып алу, сақтау, қару алып жүру және қастандық бойынша адамдар тобының басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен өзімшілдік ниетпен өлтіруі үшін сотталды (қастандық бойынша)", - дейді соттағылар. Алқабилер төртеуін де қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Осылайша, қылмысты ұйымдастырушыларға - Б. және А. 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды. Істің тағы бір ұйымдастырушысы А. "полиция подполковнигі" атағынан айырылды. Қылмысты бас орындаушысы М. 16 жылға бас бостандығынан айырылды, оның әрекеттерінде қауіпті рецидив танылды. Төртінші серіктес Ж. - ға 3 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды. Ол оны өтеу мерзімінің аяқталуына байланысты жазасын өтеуден босатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, қанды қылмыс 2019 жылдың 28 мамырында болған. Белсенді Ғалы Бақтыбаев өз үйінен атылған күйі өлі табылды. Тергеу болжамы бойынша, қылмысқа тапсырыс беруші - жергілікті кәсіпкер Азамат Букенаев және полицей Ғалым Ахмеджанов болған. Тергеу мәліметінше, Букенаев пен Ахмеджанов 1 миллион теңгеге киллер жалдап, қару берген. Киллер 2019 жылы 28 мамырда тапсырысты орындап, қашып кеткен. Сурет: Qazaqstan Media