Бельгияда Фараби орталығы ашылады

Dalanews 15 қыр. 2021 07:03 780

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Таяу Шығыс мәселелері бойынша сарапшы-маман, саясаттанушы, тарихшы, «EUobserver» интернет-басылымының бас редакторы Курт Дибофпен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әңгіме барысында ректор оқу орны тарихына тоқталып, ҚазҰУ-дың ұлы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталатын әлемдегі бірден-бір университет екенін атап өтті.

– Бұл біз үшін ерекше мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Ұлы ойшыл заманынан бері 11 ғасыр өтсе де, Әл-Фараби ілімі бүгінгі қоғамда да мәні мен мағынасын жойған жоқ, деген ректор ғұлама ғалымның еңбектерін жан-жақты зерттеу, талдау, кейінгі жастарға насихаттау бағытында атқарылып жатқан ауқымды шараларды тілге тиек етті.

Университетте 1993 жылы құрылған Әл-Фараби орталығы фарабитану мен жалпы қазақстандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосып келеді. Орталық жыл өткен сайын шетелдік зерттеу орталықтарымен байланысты нығайтып, Фараби мұраларын түпнұсқа – араб тілінен қазақ тіліне аударып, арнайы кітаптар шығаруда. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына орай әлем ғалымдарының қатысуымен конференциялар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ университет басшысы ҚазҰУ базасында халықаралық фарабитанушылар орталығын құру жоспарланғанын хабарлап, өзара ынтымақтастыққа шақырды.

Философия докторы, белгілі тарихшы-арабтанушы Курт Дибов өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерін бірлесіп зерттеуге үлкен ықылас танытты. Таяу Шығыстағы қақтығыстар тақырыбына көптеген мақалалар мен кітаптар арнаған сарапшы-маман Қазақстанның жетекші университетінің ғалымдарымен ынтымақтастыққа аса мүдделі екенін жеткізді.

Кездесуде тараптар Бельгияда Әл-Фараби орталығын ашу мен тиімді әріптестіктің маңызды сұрақтарын талқылап, алдағы нақты қадамдарды анықтады. Универсиет басшысы сөз соңында шетелдік қонақтың зерттеу жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

ҚазҰУ-ға сапары аясында Курт Дибоф Әл-Фараби мұражайы мен кітапханасының сирек кітаптар қорын аралап, университет кампусымен танысты. Сонымен қатар Әл-Фараби орталығында Қазақстанның жетекші фарабитанушылары және философтарымен жүздесті.

Басқосуға философия және саясаттану факультетінің деканы, Әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының профессоры Наталья Сейтахметова мен ғылыми қызметкері Ғалия Құрманғалиева, ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева сынды белгілі ғалымдар қатысты. Мамандар отандық фарабитану саласының жоғары жетістіктерімен бөлісіп, болашақтағы міндеттер жайлы кеңінен сөз қозғады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар