ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов 2025 жылғы 23 сәуірде Үкімет отырысында Энергетика министріне Жаңаөзенде газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылыс қарқынына қатысты ескерту жасап, тапсырма берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқанын атап өтті. Бұған президент де баса назар аударған болатын. Ол газ саласындағы заңнаманы цифрландыру және жетілдіру жөніндегі негізгі бастамалар туралы баяндама жасаған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен осы мәселе бойынша есеп беруді сұрады.
"Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру барысы біздің бақылауымызда. Бүгінгі таңда бірінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 24 сәуірде жобалық жұмыстар аяқталады. Содан кейін жұмыс жобасы шілдеде қорытынды шығару үшін мемлекеттік сараптамаға тапсырылады", - деп жауап берді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстанға келесі жылға дейін жеткізілетін және монтаждалатын жабдыққа тапсырыс орналастырып қойғандарын да жеткізді. Бектенов министрге бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды.