Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің BI Group пен BAZIS-A компанияларына неліктен шүйліккенін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, ел арасында “ірі кәсіпорындарға ешкім тиіспейді, ал шағын және орта бизнеске ауыртпалық көп түседі” деген пікір қалыптасқан. Осы түсінікті жою мақсатында Үкімет басшысы салықтық бақылауға алынған компаниялардың қатарында ірі құрылыс компаниялары да бар екенін көрсету үшін олардың атын атаған.
“Бізде салықтан босатылған немесе ерекше мәртебеге ие кәсіпорындар жоқ. Барлығы бірдей заңға бағынады. Сондықтан Премьер-министр BI Group пен BAZIS-A-ны мысал ретінде келтірді. Бұл – салық органдарының күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана”, – деді Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, салық органдары ірі бизнес субъектілеріне ғана емес, барлық кәсіпкерге хабарлама жіберіп, тексеріс жүргізеді.
“Өткен жылы салық комитеті 400 мыңнан астам хабарлама таратқан. Бұл – олардың тұрақты жұмысы. Бірақ соңғы уақытта Үкімет салықтық бақылауды күшейтпейді, табыс көздерін іздемейді деген сын көбейіп кетті. Сол себепті осы жолы кейбір мысалдарды ашып көрсеттік. Бұған блогерлерге жіберілген хабарламалар да кіреді. Қазірдің өзінде 15 блогер өз табысын қайта есептеп, 75 млн теңге салық төлеген. Құрылыс саласындағы алпауыт компанияларға да осындай талап қойылып отыр. Бұл – бір ғана мысал, салық органдары көптеген кәсіпкерлік нысандарымен жұмыс істеп жатыр”, – деп қосты Жұманғарин.
Еске салайық, 28 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен бірге жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңесте салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде салық төлеушілер шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдаланғаны анықталғанын баяндады.
"Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлер барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі", - деді Бектенов.
Олжас Бектенов кәсіпкерлерден екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және шынайы салық сомасын төлеуді сұрады.