Бекболат аға, ауыздық салатындай халық хайуан ба еді?

Dalanews 08 жел. 2016 06:49 924

Еске сала кетелік, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігі және дамуы мәселелері туралы өткен аптада Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеуxан Facebook желісінің Қазақстанда саяси аренаға айналып кеткеніне қынжылыс білдірді.

Сөйткен депутат: «Баяғыда мінбеге шығып, сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегің, қоғамда пікір айтатын беделің болуы керек еді, ал мұнда ерінбеген адамның барлығы ойына келгенін жаза беретін болған» — деді.

Өз сөзінде Бекболат Тілеухан Фейсбук АҚШ-та отбасымен балық аулауға барғандары секілді демалыстарының суретін салатын әлеуметтік желі болып саналатынын мысал ете келе: «Ал бізде, Қазақстан қоғамында бұл саяси аренаға айналып отыр. Осыны ауыздықтау үшін не істеу керек деген мәселе Ақпарат министрлігінің алдында тұр», – деді.

Депутаттың бұл айтқаны қоғамда белгілі бір деңгейде резонанс туғызды. Түрлі пікірлер айтылды. Соның бірі — белгілі блогер Айгүл Орынбектікі.

Айгүл Орынбек Facebook-тегі жеке парақшасында былай деп жазады:

БЕКБОЛАТ АҒАМА!


Оқушылардың тамағын жойғандарды; Мектеп, жол, көпір саламыз деп мемлекеттің ақшасын жегендерді; Бейбітшілік күнде қолына қару алып бейкүнә азаматтарды атқандарды; «Балақ кесіп», қазақтың қыздарын талақ айтып бір бірлеріне сыйлаған бауырларыңды; Жерді сатамын деп заң шығарғандарды ауыздықтасаңыз қайда қалдыңыз?
Аузына ауыздық салатындай, халық мал ма еді? Ауыздықты сізге салу керек. Жағымпазданып «төрт аяқтап», қолдайтындарға!

Халық бұрынғыдай қараңғы емес! Не сайрасаңыздар да сене беретін, халық бұрынғыдай жуас қой емес, жүнімізді қырқады ғой деп жата беретін! Халық қазір күш! Халықтың ауызын жабуды ойламай, халықтың көңілінен шығуды ойлаңыз аға!

Мінбеге халықтың аузын жабу үшін отырдыңыз ба? Қыршын кеткен тоғыз полиция қызметкерлерінің жағдайын сіз толғамағанда кім толғайды? Зорланып жатқан сәбилердің жан айқайын сіз жырламаған да кім жырлайды аға? Қазақты өзге ұлттарға жығып беретін заңы бар елді сіз жоймаған да кім жояды аға? Аға, неге біз осының бəрін көре тұра ауыздықталуымыз керек?

Сіз айта алмаған дүниені біз айтқанымыз үшін кінəліміз бе? Сол үшін ауыздықталуымыз керек пе? Осыған жауап беріңізші, аға!

Дайындаған, Кәмшат Сәтиева 


Дереккөз: kaz.365info.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар