Мәнсіз, мағынасыз ән айтатын Сайлаубектің балдыр-батпағын тыңдағанда оны сөз қылып жүрген адамдарға қатты таңқалған едім. Ішкілікке салынып, бір басын алып жүре алмаған Сайлаубек жайында не айтуға болады? Бірақ ойлана келе, Сайлаубекке «рахмет айту керек» деген тоқтамға келдім. Өйткені, ол біздің қоғамның қаншалықты рухани деградацияға түскенін қолмен қойғандай көрсетіп берді. Қазір доллардың күн сайын өсіп бара жатқаны көпшілігімізді (әсіресе жастарды) ойландырмайды. Оның есесіне Сайлаубектің түсініксіз әрбір әнсымағын асыға күтеміз. Түсініксіз тілде айтылған ессіз әнді жастар ұялы телефондарына жүктеп алып, мәз-мейрам болып тыңдаймыз. Болмашы әнге елтіп, есалаң адамша билеген жастардан не күтуге болады. Ештеңе.
Енді әлгі әлеуметтік желіде қолдан-қолға таралып кеткен пост суретке келсек. Фотода Сайлаубекті ұлт үшін отқа түскен Махамбет, Міржақып Дулатовтармен қатар қойғаны шымбайымызға шоқ түсіргендей болды. Ел мүддесі үшін жанын пида еткен азаматтармен Сайлаубекті қатар қою бұл ұлтқа қарсы жасалған қылмыс, үлкен қиянат деп қабылдаған жөн шығар. Бірақ біздер бұл пост-суретті жерден жеті қоян тапқандай қолдан-қолға тартып мәз болдық.
Меніңше, бұл пост-суретті пиғылы жаман топтар әдейі ұйымдастырып, бұған қазақтардың қандай реакция беретінін білу үшін әлеуметтік желіге әдейі таратып жіберуі мүмкін. Әйтпесе есі дұрыс адам Сайлаубекті ұлтшыл-патриот азаматтармен қатар қойып, қазіргі қоғамның тамыр соғысын байқап көруге әрекеттенбесі анық. Пост-суретті кім жасаса да қазақ қоғамына қатысты біраз жайттың бетін ашып тастады. Бүгінде сауықшыл, әнқұмар, мемлекетпен ісі жоқ жастар ойын біліп, талай адам шошып отырғаны анық.
Қазақ жастарының (орыстілді жастар Сайлаубекке мән бермейді) осындай ойсыз, жігерсіз, ынжық, сауықшыл деңгейге түсуіне отандық телеарналар көп «еңбек» сіңіргенін мойындауымыз керек. Рейтинг қуған телеарналар шетелдің сериалдары мен сауықтық бағдарламаларды көрсетуді күн сайын үдетуде. Тұщынып көретін бір телеарна қалған жоқ. Саптаяқтың басына қарауыл қойған Кеңес заманында қазақ телевизиясы бұлайша құлдырамаған еді. Қазір кеңес заманындағыдай цензура жоқ. Бірақ телеарналар қоғамдық-саяси тақырыптарды айналып өтуде. Неліктен? Өйткені телеарналарда жібі түзу журналистердің бәрі кетіп қалған. Қазіргі заманның бейнесін әнші-әртістер қалыптастырып жатыр. Алдағы бір жылда қазақ телеарнасының арқасында Сайлаубек еріккен жастарының «ермегіне» айналатыны сөзсіз. Күні кеше ғана «Айтуға оңай» бірінші болып Сайлаубекке төрден орын беріп, әңгімесін тыңдап, рейтингісін бір көтеріп тастағанына куә болдық. Енді басқа бір арна оны басқа қырынан көрсетуге жанын салып жатқаны анық.
Қазіргі қазақ қоғамы айнаға қарап, Сайлаубекті көріп, мәз-мейрам болып жатыр... Мереке-думанымыз қашанға дейін жалғасатынын бір Құдай білер. Сол айна қашан күлпаршасы шығып шағылады екен. Сол күнді асыға күтудемін.
Нұрлан Жұмахан