Be Woman форумының ұйымдастырушылары саяси пікір айтқан спикердің сөзіне түсініктеме берді

Ақтоты Жапатова 06 қаз. 2025 19:12

Be Woman Asia форумы саясаттан тыс жоба болып қала береді. Бұл туралы форумның ұйымдастыру комитеті әлеуметтік желілерде талқыланған жекелеген пікірлерге қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Кейбір спикердің айтқан пікірі форумның, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың ұстанымын білдірмейді. Be Woman Asia – саясаттан тыс алаң. Біздің басты миссиямыз – Орталық Азия әйелдерінің даму және ынтымақтастық платформасын құру», – делінген хабарламада.

Биылғы форумға 3000 қатысушы, 100 спикер және 50 ментор қосылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір спикермен алдын ала брифинг өткізіліп, келісімшарт жасалады. Құжатта Қазақстан заңнамасын бұзатын немесе форум беделіне нұқсан келтіретін сөздер мен әрекеттерге жол бермеу міндеті бекітілген.

«Форум тікелей эфирде, ашық форматта өтеді. Өкінішке қарай, бір спикердің сөзі регламенттен шығып кетті. Бұл Be Woman Asia құндылықтарына және жобаның миссиясына қайшы келеді. Біз форумның саясилануына қарсымыз, басты мақсатымыз – өзара құрмет, ынтымақтастық және диалог», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Форумды ұйымдастыру комитеті алдағы уақытта модерация мен регламентті бақылауды күшейтіп, спикерлермен түсіндіру жұмыстарын арттыратынын хабарлады.

«Жекелеген қатысушының пікірін форумды ұйымдастырған жүздеген адам мен серіктестердің еңбегімен байланыстырмауды сұраймыз. Біздің мақсатымыз – бөліну емес, бірігу», – делінген мәлімдемеде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар