Базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін депозит пен несиеге қатысты не өзгереді?

Базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін депозит пен несиеге қатысты не өзгереді?
gov.kz

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетуі депозит пен несиеге біртіндеп әсер етуі мүмкін екенін айтты. Алайда мөлшерлеме небәрі 0,25 пайыздық тармаққа төмендегендіктен, күрт өзгерістер болмайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депозиттерге қалай әсер етеді?

Венера Жаналинаның айтуынша, банктер жаңа теңгелік депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін біртіндеп төмендетуі мүмкін. Дегенмен салымшылар үшін бәсекелестік жоғары болғандықтан, бұл өзгеріс бірден болмайды.

Қолданыстағы белгіленген мөлшерлемемен ашылған депозиттердің шарттары келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді. Сондықтан ұзақ мерзімге депозит ашуды жоспарлағандар қазіргі мөлшерлемені сақтап қала алады. Бірақ мерзімінен бұрын ақша шешіп алу шарттарын ескерген жөн.

Несиеге қатысты не өзгереді?

Сарапшының сөзінше, жаңа несиелердің пайыздық мөлшерлемесі де біртіндеп төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл процесс депозиттерге қарағанда баяу жүреді.

Өйткені несие құны тек базалық мөлшерлемеге емес, банктің қаржы тарту шығындарына, операциялық шығындарына, капиталға қойылатын талаптарға және банктің маржасына байланысты қалыптасады.

Қазір рәсімделген несиелердің басым бөлігінің шарттары өзгермейді. Ал жаңа несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер банктер өз өнімдерін қайта қараған жағдайда ғана төмендеуі ықтимал.

Венера Жаналинаның пікірінше, ең алдымен корпоративтік несиелерде, автонесиелерде және коммерциялық ипотекада пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін. Ал тұтынушылық несие қымбат болып қала береді.

Қорытынды

Сарапшының айтуынша, қазір базалық мөлшерлеме инфляция деңгейінен шамамен 6,45 пайыздық тармаққа жоғары. Бұл ақша-несие саясаты әлі де қатаң екенін және арзан несиелер кезеңі басталды деуге ерте екенін көрсетеді.