Базалық мөлшерлеме алдағы жылдары төмендеуі мүмкін - сарапшылар

Базалық мөлшерлеме алдағы жылдары төмендеуі мүмкін - сарапшылар
gov.kz

Ұлттық банк сарапшылар арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнама нәтижесін жариялады. Сарапшылар базалық мөлшерлеме алдағы жылдары төмендеуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сауалнамада Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, экспорт-импорт және теңге бағамы бойынша болжамдар қарастырылған.

Сарапшылар мұнай бағасына қатысты болжамды көтерді. Олардың пікірінше, 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы барреліне 86,1 доллар болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 80 доллар деп болжанған. 2027 жылы мұнай бағасы 75 доллар, ал 2028 жылы 70,5 доллар деңгейінде болады деген болжам бар.

Қазақстан экономикасының өсімі бойынша болжам айтарлықтай өзгермеген. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы ЖІӨ өсімі 4,9%, 2027 жылы 4,7%, ал 2028 жылы 4,3% болады.

Инфляция бойынша болжамдар да жақсарған. 2026 жылға арналған болжам 10% деңгейінде сақталды. Ал 2027 жылға арналған болжам 8%-ға, 2028 жылға арналған болжам 6,8%-ға дейін төмендейді.

Базалық мөлшерлеме бойынша да өзгерістер бар. 2026 жылы ол 16% деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Десе де инфляция баяулауына байланысты 2027 жылы 12,8%-ға, 2028 жылы 10,6%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Сауалнамаға Қазақстан экономикасын зерттеп, болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысқан. Олардың қатарында қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтинг агенттіктері бар.