Baytaq жасылдар партиясы АЭС салу мәселесіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Қаракөз Амантай 21 там. 2024 14:29 1826

Қазақстанның BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев елде АЭС салу мәселесіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әміртаев үндеуді Youtube арнасында жариялап, бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.

"Қазіргі таңда елімізде атом электр станциясын салу жөнінде талқылау жүріп жатыр. Әрине, әртүрлі ой-пікір айтылуда. Осыған байланысты біз BAYTAQ жасылдар партиясының мақсаты – елімізде таза ауаны, таза жерді, таза суды қамтамасыз ету, экологиялық таза өндірісті қалыптастыру. Осы бағытта біздің партиямыз жұмыс істеп жатыр. Сол себепті АЭС салу мәселесінде ойымызды ашық айтып, сізге шындықты сізге жеткізуіміз керек.

Әлемде таза жасыл энергия көзі – атом энергиясы болып саналады. Өткен жылы Дубайда климатқа байланысты үлкен саммит өтті. Сол саммитке біз қатыстық. Дамыған елдер – Еуропа елдері, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, экономикасы мықты дамыған тағы да басқа елдер бір дауыспен “ХХІ ғасырда атом энергиясы – ең басты энергия” деп айтып жатыр. Себебі климатты тұрақты ұстап қалу, қоршаған ортаны қорғау – оны тек АЭС қана қамтамасыз ете алады деген ойды айтты", – дейді ол.

Азаматхан Әміртаевтың сөзінше, АЭС энергиясы экологиялық таза энергия, ал көмір отыны энергиясының ауаға шығаратын қалдығы үлкен екенін атап өтті.

"Теміртау, Балқаш, Алматы, Астана сияқты қалаларда демалатын ауа жоқ. Біз атом электр станциясының энергиясы таза, жасыл энергия деп санаймыз. Сол себепті халыққа осыны жеткізгіміз келеді. Халық осыны түсінуі керек. АЭС – ғылымның жетістігі. Бұл ғылымды дамытуымыз керек. Атом жлектр станциясы арқылы осы бағытағы барлық ғылыми институттарды дамытуымыз керек. Әлемдегі уран шығаратын ең үлкен мемлекетпіз дейміз. Бірақ оны біз шикізат ретінде ғана сатып жатырмыз. Оны өңдеп, энергия алып, сол энергияны жақын елдерге экспортқа шығарсақ бюджетке қаншама түсім болады.

Бұл шындықты халыққа жеткізу – біздің партиямыздың борышы. Бұл энергия көзі бізге жақын. Күзде референдум өтеді. Сол референдумде халқымыз дұрыс таңдау жасауы керек. Осы бағытта әрбір сөзімізді, дәлел, дәйектерімізді халыққа жеткізуге дайынбыз", – дейді Әміртаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар