Өздеріңіз білетіндей, сот жауапкерлер таратқан мәліметтерді Б.Байбектің ар-намысы, абыройы және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді әрі шындыққа сәйкес келмейді деп тапты және оларды терістей отырып, тиісті бейнематериалдарды өшіруді міндеттеген болатын.
Сот отырысы БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн режимде ашық әрі жария түрде өтті. Сонымен қатар, мен сот процесіне қатысты барлық құжаттарды көпшілікке уақтылы ұсынып, егжей-тегжейлі хабардар етіп отырдым.
Апелляциялық шағым және оған менің пікірім туралы тоқталып өтейін.
Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы талап-арызы бойынша шығарылған сот актісі заңды және толықтай негізді. Ал апелляциялық шағымда келтірілген дәлелдер мүлдем негізсіз.
Атап айтқанда, аппеляциялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 404 және 427-баптарының талаптарына сәйкес келмейді, себебі бұл құжатта (қосымша тіркеп отырмын) іс үшін маңызы бар және шешімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын жаңа фактілер немесе бірде-бір нақты дәлел келтірілмеген.
Шағым заңды түрде дұрыс рәсімделмеген. 8 беттің ішіндегі 7,5 беті – бұл тек шағым түсіріп отырған сот шешімінен үзінділерден тұратын фактілердің сипаттамасы мен заң нормалары ғана. Яғни, осыған дейінгі бүкіл отырыстардағыдай Ж.Мамай мен И.Иманбаева және олардың жалғыз қалған заңгері бірінші сот инстанциясының шешімін екі ғана абзацқа сыйып кеткен бос сөзбен және расталмаған дәлелдермен дауламақшы.
Шағымның мазмұнына келсек, бұл жауапкерлердің Б.Байбекке қатысты кеңінен таратқан мәліметтеріне, толықтай жалған және негізсіз пайымдарына еш дәлел жоқ екенін тағы да көрсетіп отыр.
Таңқаларлығы сол, бұған дейін «масштабты коррупция» фактілері туралы барлығын сендіргісі келген Ж.Мамай мен И.Иманбаева өздерінің берген шағымдарында тек 2 мәселе – «Қазақфильм» АҚ жер учаскесі мен автобус сатып алу туралы айтқан. Нақты айтқанда, жауапкерлер сотқа қандай да бір жаңа құжат пен маңызды дәлел келтірмеген. Ал бұл екі мәселе де бұған дейін бірінші инстанциядағы сотта барлық растайтын құжаттарды зерттей отырып, егжей-тегжейлі қаралған болатын.
Енді осы мәселелер бойынша нақты айтсам. Алдында дәлелденгендей, «Қазақфильм» АҚ жер учаскесі «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Этноленд» жобасын жүзеге асыру үшін Алматы қаласының туризм басқармасына берілген. Жоба мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаудан өткен. Тағы айта кететін жайт, бұл учаске барлық уақытта мемлекеттік меншікте болған және бүгінге дейін мемлекеттік меншікте. «Қазақфильм» АҚ болса тек ұзақ мерзімді жалға алу құқығын ғана иеленген. Жерді беру заңдылығы үш инстанциядағы сотта тексерілді, бұл туралы тиісті сот актілері де бар.
«Этноленд» жобасы Б.Байбек әкім болып тұрған шақта бекітілген. Бірақ оны одан әрі іске асыру мәселесі Алматы қаласының қазіргі басшылығының құзыретіне жатады, себебі 2019 жылғы 28 маусымнан бастап, яғни 2 жылдан астам уақыт Б.Байбек әкім қызметін атқармайды.
Екінші мәселе бойынша. Автобустарды сатып алу Қаржы министрінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті тарапынан орталықтандыра отырып жүргізілді. Яғни, Алматы әкімдігі тапсырыс беруші ғана болып автобустарды сатып алуға қатысу құқығына ие болған жоқ және осы себепті сатып алу нәтижесіне ешқандай әсер ете алмады. Бұл іс материалдарына қоса тіркелген конкурстық құжаттамамен расталған.
Осылайша, Ж.Мамай мен И.Иманбаева еш мазмұнсыз, негізсіз апелляциялық шағымы арқылы шешімнің заңды күшіне ену сәтін жасанды түрде созып бағуда деп нақты айтуға болады.
Бәріне белгілі болғандай, жауапкерлер бірінші инстанциядағы сотта барынша көрсеткен деструктивті іс-әрекетін әлі де жалғастырып бағуда.
Істі қарау мерзімдерінің кешіктірілуі, құжаттардың уақтылы берілмеуі, негізсіз өтініштер мен арыздар, даудың мәні бойынша сөйлемеу, сотқа және процестің барлық қатысушыларына құрметсіздік – міне осылар сот процесі барысында Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның бар сиқын көрсетті.
Нәтижесінде, мен талапкер тарапы ретінде бірінші инстанциядағы соттың назарын адвокаттар мен жауапкердің өкілдері жіберген заң бұзушылықтар фактісі бойынша жеке ұйғарымдар шығаруға негіз бар екеніне аудардым. Енді бұл мәселені апелляция деңгейінде де көтеруді жоспарлап отырмын.
Құрметті достар! Апелляциялық шағымды қарау бойынша сот алқасының отырысы 2021 жылғы 16 тамызда сағат 10.00-де, пандемияның кеңінен таралуына байланысы online-форматта өтеді.
Мен келтірген шүбәсіз дәлелдерді ескере отырып, сот алқасы бірінші инстанциядағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруы заңды құбылыс болады деп есептеймін. Бұл шешім заңды күшіне ене отырып, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның Б.Байбек туралы жария мәлімдемелерінің заң аясында жалған және негізсіз екендігін дәлелдейтін болады.
Сонымен бірге, жауапкерлердің соттан кейін қоғамдық кеңістікте жүзеге асырып жатқан деструктивті, жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғам мен мемлекетке зиян келтіретін теріс пиғылды әрекеттері олардың Демократия және Заң үстемдігі туралы жария мәлімдемелері «бір тиынға» татымайтынын көрсетеді. Сотта жария түрде және ойсырай жеңілген Ж.Мамай мен И.Иманбаева сот шешімі олар үшін түкке тұрмайтынын және оны орындамайтынын бірден мәлімдеді.
Жазаға тартылмастан құқық бұза беруге әбден үйренген олар алдарына жан салмай адамдарға беталды және негізсіз жала жаба беруін тоқтатар емес. Алайда, заңға сәйкес жауап беретін кез келгенде олар құқық аясындағы әрекеттерді бірден «сөз бостандығын және демократияны бұзу» деп бағалады. Бұл – осы жұптың цинизмінің, принципсіздігінің және қос стандартты ұстанатынының айдан анық дәлелі.
Шын мәнінде, бұлар үшін Сөз бостандығы мен Жеке бастың қадір-қасиеті – құны бақыр тиынға татымайтын бос сөздер. Бұған айқын дәлел – біздің дауымыз бойынша сот шешімі жарияланған күні өздері ұйымдастырған брифинг кезінде өз «маскаларын шешіп», адамгершіліктен жұрдай шынайы келбеттерін және моральдық табиғатын ашып көрсеткен Ж.Мамай мен оның сыбайластарының журналистке жасаған шабуылы.
Заңның үстемдігі – кез-келген заманауи демократиялық мемлекеттің негізгі қағидасы. Ол барлық азаматтар тарапынан мүлтіксіз сақталуы тиіс.
Осы ретте Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның сот шешімін орындамайтыны туралы жария мәлімдемесі – еліміздегі конституциялық құрылыс пен құқықтық мемлекеттің негізіне күмән келтіретін қауіпті оқиға.
Ж.Мамай мен И.Иманбаева үшін заңдар мен сот шешімдері қарапайым формальдылық қана. Яғни «қаласам – орындаймын, қаламасам – орындамаймын» қағидасын ұстанатынын ашық айтқаны. Олар Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, үйінде, ошақ қасында отырып «өздері үшін» жазып алған конституциямен ғана өмір сүре аламыз деп ойлайды. Олардың деструктивті әрекеттеріне сүйенсек, қандай «құқықтық мемлекет» құрғысы келетінін нақты болжауға болады.
Сондықтан да, заңгер және азамат ретінде, қабылданып жатқан шаралар туралы ашық хабарлай отырып жауапкерлердің сот шешімін заңда белгіленген мерзімде толық орындауына барлық заңды тәсілдер арқылы міндетті түрде қол жеткізетін боламыз!
P.S. Сөздерімнің растығына көз жеткізу үшін мен төменде апелляциялық шағымның толық мәтінін және оған пікірімді (қарсылығымды) қоса беріп отырмын. Осыған дейінгідей, Ж.Мамай мен И.Иманбаева тарапынан түрлі алып қашпа әңгімелер мен бұрмалаулардың алдын алу, сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін өз парақшамда апелляция отырысының оnline-трансляциясын жүргізетін боламын.
Жазба Айжан Ташенованың Фейсбуктағы парақшасынан алынды