Байбектің әпкесінің компаниясының бухгалтері сотталды: туыстары оны кінәсіз деп санайды

Көркем Алдабергенова 25 там. 2025 16:25

Астанада Aray Media Group компаниясының бухгалтері Ризагүл Махметова 280 млн теңгені жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.aqsha-ға сілтеп.

Алайда Махметованың туыстары бұл үкімді әділетсіз деп санайды. Оның әпкесі Мөлдірдің айтуынша, компанияның құрылтайшысы Айгүл Байбектің (Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әпкесі) тапсырмасымен ақша Ризагүлдің жеке есепшотына аударылып отырған. Ол ақшаны жеткізушілерге және «Дос-Мұқасан» тобы мен Қаныш Сәтбаев туралы фильмдерге қатысқан актерлерге аударып отырған.

«Егер Ризагүл жүздеген миллионды ұрлаған болса, онда Aray Media Group кеңсесінің алдында гонорарын алмаған адамдар кезекте тұрар еді. Бірақ барлығы өз ақшасын алды, мемлекеттік сатып алу бойынша есеп те тапсырылған. Чектер, шот-фактуралар, актілер бар», – дейді Махметованың әпкесі.

Оның айтуынша, Айгүл Байбек аудиторларға тек Махметоваға аударылған ақша туралы банк үзінділерін ғана берген. Ал гонорарға жұмсалған чектер мен актілерді көрсетпеген.

«Осы негізде аудитор біржақты қорытынды жасайды. Кейін әпкем электронды чектер мен актілерді өзі жинап, тәуелсіз сарапшыға өткізді. Сараптама хищение болмағанын көрсетті. Бірақ судья бұл дәлелдерді іске қосудан бас тартты. Өйткені сарапшы мемлекеттік емес деп айтты. Дегенмен сарапшыға қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертілген болатын», – деді ол.

Мөлдір Махметованың айтуынша, әпкесіне қысым оның жалақысын көтеруді сұрағаннан кейін басталған.

«Айгүл Байбек не үшін әпкемді кінәлі етуге тырысады? Салық тексерісі болған жағдайда Ризагүлді кінәлі қылып шығарып, өзі жауапкершіліктен құтылу үшін», – деді ол.

Махметованың отбасы үкімді қайта қарауды талап етіп, апелляциялық шағым түсірген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар