– Тестолог маман белгілі режисер Ермек Тұрсыновтың сұхбатын пайдаланып, оқушылардың білімін тексеру үшін ҰБТ сұарқтарына шоу-бизнес өкілдеріне қатысты сұрақтар енгізіп жіберген. Бүгінде ол тест сұрақтарын дайындаушылардың қатарынан шығарылып, қатаң ескерту жасалынды, – деп Ерлан Сағадиев бұл мәселені бір жақты еткенін ресми түрде мәлімдеді.
Кезінде тест сұрақтарын құрастырушылар оқушылар қазіргі өміріміздегі танымал тұлғаларды білу керек болған соң, шоу-бизнес өкілдерін ҰБТ сұрақтарына енгізгендерін айтқаны есімізде. Сол кезде тест сұрақтары кім көрінгеннің ойына келгенін енгізіп, жаза беретін «тілек дәптері» ме деп қалған едік.
Енді Сағадиевтың өзі мұны тест құрастырушылар тарапынан жіберілген үлкен қателік екенін мойындап, мектеп бітірушілердің таным көкжиегін кеңейтуге ұмтылған сабазды тест сұрақтарын дайындау ісінен шеттетті.
Ерекең әйтеуір араға бірнеше ай салып болса да бұл мәселені халықтың пайдасына шешкендей болды. О бастақ бұл мәселені ың-шыңсыз шеше салса болар еді. Шамасы Ерлан Сағадеив депутаттардың өзіне топ болып хат жазғанын күтсе керек. Болмаса оқу жылының аяқталғанын күтті ме? Өкінішке орай, бізге бұл жағы түсініксіз. Білетіміз біздің шенділер халықтың ой-пікіріне дәл уақытында назарға алып, әрекет етпейді. Міндетті түрде оларға біреу айтып, көздеріне шұқып көрсетуі керек.
Депутаттар министрге жолдаған үшбу хаттарында алдағы уақытта ҰБТ сұрақтарын қоғам алдында талқылау мәселесін де көтерген-ді. Бірақ министр ҰБТ сұрақтары мемлекеттік құпиялардың қатарына жататындықтан, сұрақтардың көпшіліктің алдында талқылауға жатпайтынын алға тартты.
Қалай десекте «мықты болсаңдар мен сияқты тест сұрақтарына еніп көріңдер» деп кеудесін керген Баян Мақсатқызына обал болды. Баян ханым өз есімі тест сұрақтарынан енгенде өзін ел үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген адамдай сезінген еді. Енді не істер екен?
Н.ӘУБӘКІР.