Бауыржан Байбектің қымбат сағаттары ұрланды: 31 жастағы күдікті ұсталды

Бауыржан Байбектің қымбат сағаттары ұрланды: 31 жастағы күдікті ұсталды
Бауыржан Байбек. Фото: Sputnik / Абзал Калиев

Астанада Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі қымбат қолсағаттардың ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, ұрлыққа экс-шенеуніктің көмекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген 31 жастағы Нұрболат есімді азаматтың қатысы болуы мүмкін. Оның түрлі тапсырма орындап жүргендіктен, үйдегі бағалы заттардың қайда сақталатынын білгені айтылады.

Журналистің дерегінше, Байбек отбасымен бірге шетелге кеткен кезде күдікті қызметтік көліктен қосалқы кілтті алып, үйге кірген.

Ол бағалы сағаттарды алып кетіп қана қоймай, олардың орнына көшірмелерін қалдырған деген ақпарат бар.

Козачков ұрланған сағаттардың арасында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne брендтерінің өнімдері болғанын жазды. Оның бағалауынша, коллекцияның жалпы құны шамамен 90 млн теңгеге жетуі мүмкін.

Үй иелері шетелден оралғаннан кейін сағаттардың ауыстырылғанын байқап, полицияға жүгінген.

Астана қалалық полиция департаменті ұрлық дерегі бойынша күдіктінің ұсталғанын растады.

"Сағат ұрлау фактісі бойынша полиция 31 жастағы күдіктіні ұстады. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда", – деп хабарлады елорда полициясы.

Аталған брендтердің барлығы премиум санаттағы сағаттар шығарады. Мәселен, Hublot Classic Fusion Black Magic моделінің бағасы шамамен 10,7 мың доллар болса, Blancpain Fifty Fathoms Bathyscaphe 2026 үлгісі 18,3 мың долларға бағаланады.

Breguet, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne маркаларының жекелеген модельдерінің құны ондаған мың долларға дейін жетуі мүмкін.

Дегенмен ұрланған сағаттардың нақты құны олардың модельдері мен жағдайы толық анықталғаннан кейін белгілі болады. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.