Бауыржан Байбек жаңа қызметке тағайындалды

Бауыржан Байбек жаңа қызметке тағайындалды
matritca.kz

Алматы қаласының бұрынғы әкімі әрі "Nur Otan" партиясы төрағасының экс-бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Qazaq Kaolin компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы мәлімет компанияның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Еске салсақ, Бауыржан Байбек 2022 жылдың ақпан айынан кейін саяси қызметтен кеткен болатын. Сол кезеңде ол "Nur Otan" партиясындағы лауазымынан босап, білімін жетілдіру мақсатында Біріккен Араб Әмірліктеріне кеткені хабарланған.

Кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та оның Жапонияда жүрген суреттері тараған еді.

Белгілі болғандай, Байбек 2022 жылдың наурыз айынан бері Qazaq Kaolin компаниясында кеңесші қызметін атқарған. Ал 2026 жылдың сәуір айының соңында компания Ақмола облысында тау-кен байыту комбинатын іске қосқаннан кейін көп ұзамай оның директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалғаны мәлім болды.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, Qazaq Kaolin компаниясының иелері қатарында 26 жастағы Бекзат Керімбай мен Бауыржан Байбектің әкесі Қадырғали Байбек бар.

Бұған дейін БАҚ-та Қадырғали Байбектің Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сыныптас болғаны туралы ақпарат тараған.