"Бұл Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы, кілтті оның атынан табыстаймын. Сіздің ұлыңыз батылдық жасады. Ол қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Оның артында балалары қалды. Біз оларға бар мүмкіндігімізше көмектесеміз. Жаңа пәтерге көше алу үшін осы айда жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Сабыр етіңіздер, берік болыңыздар!", – деді әкім.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлекбаев болып шықты.
Осыған дейін ІІД тергеу жұмыстары барысында18 шілдеде полицейлерді өлтірді деген күдікке ілінген Руслан Күлекбаевтың жалдамалы пәтерді анықтаған болатын. Полициядағылар пәтерде адам өміріне қауіпті заттардың бар-жоғын тексеріп шықты. Алайда, полиция қызметкерлері пәтерді тінту кезінде қауіпті заттарды таппады. Ал кеше Руслан Күлекбаев екі айға қамауға алынды.
Сондай-ақ, 20 шілдеде Алматыда терактіден қаза тапқан полицейлермен қоштасу рәсімі өтті. Қала әкімі Бауыржан Байбек те қоштасу рәсіміне қатысты. Ол барлық алматылыққа алғыс айтқан еді.
Айта кетейік, терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден берілетін болды.