Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауыты салынады

Жарбол Кентұлы 12 қар. 2024 16:45 1516

Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысында өндіріс саласы тұрақты дамып келеді. Өңір басшылығы инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашып, отандық және жергілікті өнім түрлерін көбейтуді басты назарға қойып отыр.

Республика күні қарсаңында мұнай газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін зауыт іске қосылып, шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар өндіріле бастады.

Өңірде өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында Қарашығанақты кеңейту жобасы іске асырылуда. Өткен жылы 4-ші компрессор, ағымдағы жылы 5-ші компрессор пайдалануға берілді. Ал, 6-ші компрессордың құрылысы аяқталуға жақын.

Аталған жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Алдағы уақытта Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Болашақта жаңа газ өңдеу зауытының іске қосылуы тұрғындарды, елде өндірілген тауар газымен қамтамасыз етуге серпін береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар