Әсіресе, ресейшіл, орысшыл сарапшылар мен саясаттанушылардың екі сөзінің бірі: «Бәрін бүлдірген және бәріне кінәлі – АҚШ, Батыс». Айыптау, анығы.
Жарайды, Америкамен терезесі тең болуға тыраштанып жүрген Ресейдің жөні бір басқа... ал бізге не жорық? АҚШ бізге не жазды?
Болмаса біз дәл бүгінгі Ресейден қандай үлгі аламыз, айта ала ма әлгі Мәскеудің сойылын соғатындар?
Анығында, әзір біздер үшін Американы дәріптейтіндерден гөрі, Кремльге жұмыс істейтіндер, Мәскеудің сөзін сөйлейтіндер қауіптірек. Себебі, олардың ойлаған, көздеген мақсаты күмәнді, біз үшін.
«Еуразиялық одақ: оның жалауы мен әнұраны, ортақ валютасы, ортақ Парламенті болуы керек» дейді әлгіндейлер.
Олар біздің арамызда жүр, оның үстіне.
Біз бауырласпыз ба?
Бізге дәл бүгінгі кейіптегі Ресей қауіпті, қалай ойласаңыз да.
146 млн халық Борис Немцовтың (орыстың жан дегендегі жалғыз оппозиционері) қазасына қайғырған жоқ. Орыс ұлты оппозицияны өз қолымен өлтірді.
Олар «орыс әлемін» біріктіруді көздейтін Дугиннің (бір кезгі одақтас елдерді Ресеймен қайта бірігуге, осылайша Еуразиялық держава құруға үндеп жүрген орыс философы) уағызымен уланған. Тұтас ұлт...
Өкініштісі, осы «орыс әлеміне» бізде кіреміз, кіргізіп қойған. Бізден сұрамаған да.
Орыстың бізден сырт айналуы бір-ақ сәт, негізінде. Ол үшін біз украиндықтарға айналуымыз керек. Табанды, талапшыл болсақ. Тілге, ділге келгенде... Сол кезде танимыз, оларды.
Әзірге, Ресей «біз бауырлас елдерміз» дейді. Бұл бауырластық бізге күшпен таңылған жоқ па, осы?
Әйтпесе, өткен тарихты еске алғанда біз күрсінбес, күңіренбес едік қой.
Өткен тарих біздің бауырлас емесіміздің куәсі.
Тілдегі, түрдегі алшақтық тағы бар. Үлкен алшақтық.
Таза қазақша сөйлейтін, ортасы да, отбасы да қазақша түсінісетін қазақтың орыс досы аз немесе мүлдем жоқ. Болмыс бөлек, өйткені.
Әзірге, Ресей «біз бауырлас елдерміз» дейді. Бұл бауырластық бізге күшпен таңылған жоқ па, осы? Әйтпесе, өткен тарихты еске алғанда біз күрсінбес, күңіренбес едік қой. Өткен тарих біздің бауырлас емесіміздің куәсі.
«Өлген империяның» жұртында қалған жалғыз ұлт...
Дәл бүгінгі Ресей АҚШ-тан асып түсемін деп ойласа, алжасқаны. АҚШ-тың артынан ілесетін елдер көп. Одан үйренгендер, оның жолымен жүргісі келетіндер...
Бүгінгі дамыған, бақуатты елдердің барлығы да Американың жолымен жүрген.
Бірінші кезекте, Еуропаның өзі.
Әйтпесе, Токвиль (атақты француз ойшылы, Франция Сыртқы істер министрі) тентіреп «Америкадағы демократияның» кілті мен құлпын іздестірер ме еді?
Сол Токвиль былай дейді:
«Америкада мақсатына жетуде адамның күші мен қабілетіне еркіндік береді. Ал Ресейде бәрі бір адамның қолында шоғырланған...
Американың елдік принципі – еркіндік, Ресейдікі – құлдық».
Бұл Америка мен Ресейге осыдан 200 жыл бұрын, ХІХ ғасырда берілген баға. Бірақ, әлі де өзекті сияқты.
Ресей өзгермейді, өзгермеген де. Олар өткенді аңсайды. Өткенмен өмір сүреді. «Өлген империяның» жұртында қалған жалғыз ұлт...
Клинтон не деді?
Сіз Қазақстан қатты үлгі алатын «Азия жолбарыстары» қазіргі атақ-даңқына өздігінен жетті деп ойлайсыз ба?
Анығында, Азия құрлығындағы Жапон пен Корейдің, Гонконг сияқты қаржылық орталықтардың дамуына ең үлкен ықпал еткен американдықтар.
Барлық дамыған, демократиялы елдердің жүрген жолдары ұқсас, байқасаңыз.
«Қай жерде болсын нарық пен демократия – заңдары математика мен физика заңдары сияқты бірдей, себебі». (Ғалымжан Жақиянов осылай депті).
Мысалы, қырғи-қабақ соғыста екіге бөлінген Корей түбегі. Кеңес үкіметі қанатының астына алған Солтүстік Кореяға қараңыз, қазір? Сіз осы елде өмір сүргіңіз келер ме еді?
Демократиялық Американың жолымен жүрген Оңтүстікке қараңыз. Екеуінің арасы жер мен көктей. Қазіргі Ресей мен Америка да дәл осы екі Кореяға ұқсайтындай.
Алыстағы Америка Кремльдің КСРО-ны қайта тірілтуіне қарсы. 2016 жылғы Президент сайлауының бас үміткері Хилари Клинтон:
«Кеден, Еуразия одағы орыстың империялық иницивативасы екенін» баяғыда-ақ айтқан. Кремльдің көп әрекетінен күдіктенетін біз қалай ойлаймыз? Біз де солай ойлаймыз ғой.
Ертең біз де өзгереміз...
Америка – Азаттыққа ескерткіш орнатқан ел (суретте). Ал Ресей ше? Олар Сталинді дәріптейді, Ленинді ұлықтайды.
Ресей ұлтшылдық пен демократияның аражігін ажырата алмайтын жағдайға жеткендей.
Украина мысал бұған.
Көршіміздің «көк жәшігі» сөйледі, бүй деді: «Киевтегі «фашистер» орыстарды өлтіріп жатыр». «Украинада ұлтшылдық асқындап барады», «Фашистік» партиялар парламентке өтеді». Сөйтсе...
Украинадағы сайлауда «Оңшыл сектор» да («Правый сектор»), «Еркіндік» те тым құрығанда 5 пайыз дауыс жинай алмады.
Украин ұлты ұлтшылдықпен уланса бұл партиялар қазір билікте отырар ма еді.
Майдан да, бәрі де өзгеріске (демократияға) ұмтылыстың көрінісі болатын, белгілісі. Ресей бұл өзгерісті ұлтшылдыққа балады.
Ертең біз де өзгереміз...
Социализм идеологиясымен әбден уланған орыс халқы бұл идеологиядан бізді де алыстатпайды, сірә.
Ресей өзгермейді, өзгермеген де. Өзгенің, өздері айтпақшы, «орыс әлемінің» өзгергенін қаламайды.
P.S. Мақсат Американы мақтау емес. Мақсат – Ресейдің не және оның Президентінің кім екенін көрсету болатын.
Думан БЫҚАЙ