Президентіміз Жолдауында Қазақстан халқының заман талабына сай дамуының жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты бағытталған маңызды міндеттерді атап көрсетті.
Жолдаудың бір ерекшелігі – мұнда білім саласының нақты міндеттерімен қатар педагог мәртебесін көтеру туралы тапсырмалар жүктелген.
Педагогтардың мәртебесін көтеру және біліктілікті арттыру расымен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздарға қолжетімді әрі пайдалы дүние болары анық. Білім және ғылым саласындағы оқу бағдарламаларының жаңартылуы, әлемнің үздік жоғары оқу орындарымен озық білім мен үздік тәжірибе алмастыру, оқытушылардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру бәсекеге қабілетті жас мамандарды даярауда үлесі зор екені сөзсіз.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында білім берудің барлық деңгейлерінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін үш тілде білім беруді кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту мақсатында үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы ұсынылып, Қазақстан жас әрі дамушы мемлекет ретінде 30 бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына кіру үшін қазақстандықтардың үш тілді білулері керектігі туралы талап қойылды.
Үш тілділікті қолға алу үрдісі жоғары оқу орындарында жүріп те жатыр. Оқу орындарында болашақ мамандардың бәсекеге қабілетті болу үшін қазақ, орыс және ағылшын тілінде сабақ берілуде.
Білім саласындағы үштілділікті дамыту бағыттары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерінің шешімі және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерінің орындалуы деп ойлаймын.
Әлемдік ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу - ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ала бастаған Қазақстан үшін қажетті деп білемін. Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек» - деген.
Демек, ағылшын тілін білмей, заман талабына лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға толық қол жеткізе алмаймыз. Іргелес мемлекеттерден анағұрлым ілгері тұрған Қазақстан қазіргі жетістіктерімен шектеліп қалмау үшін де көптілділікке ұмтылуда.
Өйткені, еліміздің біліктілігі мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіру мүмкіндігіне жетелейтін қадамдардың маңыздысы - көптілділік. Осы ұстаныммен біз – ел болашағы маман иесі болумен қатар тіл меңгеруге ұмтылуымыз керек. Бұл мемлекет тарапынан жастарға деген қолдау болғандықтар, бар мүмкіндіктерді игі істерге қолдануымыз керек.
Әсел Асқарбекқызы
Абылай хан атындағы
Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің
Журналистика мамандығының 2 курс студенті