Редакциямызға өз аяғымен келген Нұралы Қалиевтің алғашқыда неге наразы екенін түсінбедік. Артынан ұқтық. Ұлы ойламаған жерден істі болып, тергеуде отыр екен. Қамауда. Әділдік іздеп бармаған жері жоқ. Тым-тырыс. Ақыр аяғы ақпарат құралдарына айтуды жөн көрген.
"Ұлымды жазықсыз қамап тастады»
"Ұлым Ақмола облысы Целинград ауданына қарасты Талапкер ауылының әкімі болған. Қазір абақтыда жатыр. Жазықсыздан жазықсыз..." дейді Нұралы Қалиев.
Әрі қарай болған жағдайды баяндап берді.
Айтуынша, осыдан 2 жыл бұрын 6 наурызда Талапкер ауылының әкімі Нұртуған Мұзамелов ауылдағы 41 жер учаскісіне қатысты тексеру жүргізу қажеттігін айтып, бірқатар органдарға шағым жолдаған.
Арада бір апта өткесін әкімнің шағымы бойынша Целинград ауданының полициясы аталған жер учаскілері бойынша қылмыстық іс қозғайды. Биыл 29 мамыр күні «жер учаскелерінің құжаттарында жалғандық болуы мүмкін» деп шағым айтқан әкімнің өзі күдікке ілініп, қамауға алынған. Таққан айып ауыр.
– Сорақысы соңында ұлымды кінәлі қылды. Алаяқтықпен айналысты, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болды деген ілік тауып жауып тастады түрмеге. "Ұлыңыз ауылдағы 45 жер учаскісінің жалға алу мерзімін ұзарту туралы заңсыз шешім шығарған" деді. Жоқ, бұлары несі? Ақылға сия ма осы, қисынға келе ме? – дейді Нұралы Қалиев.
Ақылға сия ма дегені, ұлы полицейлерге өзі хабарласқан.
– Ойлап көріңізші, органдарға өзі хабарласқан. Жер учаскісіне қатысты бармақ басты, көз қысты әрекеттің барын аңдаған адам ақыр аяғы абақтыдан бір-ақ шықты. Жоқ, бұл қалай? – дейді.
Осы арада бір сауал туындайды: Полиция алдымен әкімді неге құрықтады?
Себебі, ілгерідегі жер учаскілерін жалға алу мерзімін ұзарту туралы құжаттарда әкімнің қолы тұр.
– Бұл былай... ұлымның атынан өзге біреу қол қойған. Қолтаңбасы айнымайды. Әуелде солай айттық. Тергеді. Тексерді. Ұлымның қолы қойылған құжаттарды әлдебір Н. есімді әйел тіркеген болып шықты. Қас қылғанда, қайтыс болыпты. Қиындығы сонда. Өлген адамнан ұлымның қолтаңбасын айнытпай қойғанын қалай анықтайсың?! – дейді Нұралы Қалиев.
Оның айтуынша, әкім қол қойды деген құжаттар сараптамадан өткізілген. Сараптамалық сот құжаттағы әкімнің қолы жалған екенін дәйектеген. Яғни, әкімнің сыртынан басқа біреу қол қойған...
Нұралы Қалиев ұлының ымыраға көнбей, жалғандыққа жол бермеу үшін бастаған ісі өз басына таяқ боп тигенін айтады. «Құжаттағы қол ұлымдікі емес екенін біле тұра, бұл істі қысқартқан жоқ. Әлі тергеу жүріп жатыр. Елімізде өзі әділет бар ма?», – деп күйінеді ол.
[caption id="attachment_30968" align="alignleft" width="448"] Нұртуған Мұзамелов[/caption]
Тағы бір сауал...
Полиция Нұртуған Мұзамеловтің ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы барына қалай көз жеткізген?
– Жер учаскісін "жекеменшіктеп" алған қылмысты топ бар. Кінәсі де дәлелденген. Бірақ дәл менің ұлымның оған қатысы жоқ. Дәлел таба алмады. Ілік таба алмады. Ендеше оның қамауын неге ұзартып отыр? Әлде мұның бәрін ұлыма аудара салмақ па? Ұлымды кінәлі қылмақ па? Әкімді айыптай салу оңай шығар олар үшін?
Мәселе мынада. Айыптау тергеу кезіндегі қылмыстық топ серкесінің жауаптарына ғана негізделген. Болды. Басқа ештеңе жоқ. Көзбен көретін, қолмен ұстайтын, – дейді әкімнің әкесі.
Ал қылмыстық топтың жетекшісі бұдан бұрын да қолы былғанған. Қол астына 20-дан аса адамды топтастырған. Қазір бостандықта жүр екен...
– Сенесіздер ме, еркіндікте жүр! Тергеушілер де соның сөзін сөйлейтін сияқты. «Қылмыстық топтың серкесі» ретінде танылған адам «тергеу ісіне көмектесемін» деп, менің ұлымды кінәлап, өзі бостандықта жүр. Бізде заң бар ма өзі? Не түрлі қылмыс жасап, арам жолмен байыған адам бостандықта жүр. Ал менің ұлым абақтыда отыр, – дейді Нұралы Қалиев.
Ал ауыл ақсақалдары, тұрғындары түрмедегі әкімге араша түсуде. "Сауатты, білікті әкім еді. Ауылдың тағдырына жаны ашитын" дейді олар.
Нұртуған Мұзамелов Талапкер ауылының әкімі қызметіне 2014 жылы тағайындалған. Жап-жас жігіт. 83 жылғы. Мамандығы – заңгер. Әкесінің айтуынша, жер учаскесіне қатысты құжаттағы шикілікті алдымен аңғаруы да мамандығымен байланысты. Өрімдей үш баласы бар. Нұралы Қалиев немерелерінің «Әкем қашан келеді?» деген сұрағына жүрегі езіліп, айтар сөз таппай қиналатынын айтады.
Нұралы Қалиев сөз соңында бұл істі Бас прокурор Жақып Асановтың назарына жеткізгісі келетінін, сол кісіден көмек болар, әділдік орнар деген ниеті барын жеткізді. Бұл оқиға газет назарында болады.
Редакциядан: Болған жайды барынша ықшамдап бердік.