Бас прокуратура телефон алаяқтық деректерінің күрт артқанына байланысты азаматтарға ескерту жасады. Ведомство мәліметінше, биыл телефон алаяқтары 6,1 мыңнан астам қазақстандықты алдаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қадағалау органының хабарлауынша, алаяқтардың тәсілдері күрделенгенімен, негізгі схема өзгермей отыр. Әдетте жәбірленушінің телефонына «1414» қысқа нөмірінен SMS-код келеді. Осыдан кейін алаяқтар өздерін мемлекеттік орган, банк немесе курьерлік қызмет өкілі ретінде таныстырып, келген кодты айтуын сұрайды.
Бұдан соң екінші қоңырау шалынып, қаскүнемдер өзін банк, полиция немесе ҰҚК-нің «қауіпсіздік қызметі» ретінде көрсетеді. Кейбір жағдайларда олар бейнебайланысқа да шығады. Алаяқтар алдыңғы қоңырау арқылы алынған кодтың негізінде жәбірленушінің атына несие рәсімделуі немесе шотынан ақша алынуы мүмкін екенін айтып, «қауіпсіз шотқа» қаражат аударуды ұсынады. Дәл осы сәтте нақты алаяқтық жасалып, жәбірленуші ірі көлемде қаржылай шығынға ұшырайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұрын «1414» нөмірінен SMS-код алу үшін тек жәбірленушінің телефон нөмірін енгізу жеткілікті болған. Алайда қазір бұл жүйеге қол жеткізу тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе eGov QR арқылы жүзеге асырылады. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап аталған талаптарды енгізбеген жүйелер «1414» SMS-шлюзінен ажыратылған.
Ведомство бұл шаралар азаматтарды алаяқтардан қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Бас прокуратура қазақстандықтарға бірқатар маңызды ережелерді еске салды. Мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-кодтарды, банк картасының деректерін немесе құпиясөздерді сұрамайды. Сондай-ақ «қауіпсіз шот» деген ұғымның жоқ екенін ескертті.
Азаматтарға күдікті қоңыраулар кезінде сақ болуға, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күмән туған жағдайда бірден банкке немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласуға кеңес берілді. Сонымен бірге кибергигиена талаптарын сақтап, тек ресми қосымшалар мен сервистерді қолдану қажеттігі айтылды.
