Бас прокуратура Думан Мұхаммедкәрімнің ісін мұқият тексеруге уәде берді

Қаракөз Амантай 04 нау. 2025 18:00 604

Журналист және қоғам қайраткері Думан Мұхамедкәрімнің ісін Бас прокуратура қайта қарайды. Бұл туралы кинорежиссер Еркін Рақышев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас ағамен (Алмас Тілеуов – ред.) бірге Бас прокуратура басшылығымен кездестік. Кездесу барысында Думанды жеті жылға дәлелсіз соттағаны туралы нақты деректерді ұсындық. Бас қадағалау органының басшылығы бұл істі мұқият тексеруге уәде берді", – деп жазды Рақышев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Думан Мұхамедкәрім 2023 жылы наурызда мәжіліс сайлауының нәтижелерінің бұрмалануына қарсы шыққаннан кейін қамауға алынды. Ол парламенттік сайлау қорытындыларымен келіспейтінін білдіріп, митингке шығатынын мәлімдегені үшін 25 тәулікке қамалған. Кейін, 1 мамырда қайта ұсталып, "экстремизмді қаржыландыру" ісі бойынша екі айға қамауға алынды.

2023 жылы 15 шілдеде ҚазТАГ агенттігі журналистің тергеу изоляторында денсаулығы нашарлағанын хабарлады. Ал 2024 жылғы 12 ақпанда Қонаев қаласында оның соты басталды. 26 ақпанда Мұхамедкәрім өзін азаптағанын мәлімдесе, 5 наурызда ҚазТАГ оны азаптау ісі бойынша жәбірленуші деп танылғанын жазды.

2024 жылғы 2 тамызда Қонаев қаласының соты Думан Мұхамедкәрімді "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" баптары бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар