Бас прокуратура Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу үшін ведомствоаралық тергеу-оперативтік топ құрылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бас прокуратура Ақтау қаласы маңында Әзербайжан әуе компаниясының әуе кемесі апаты фактісі бойынша Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ведомствоаралық тергеу-оперативтік топ құрылғанын хабарлайды. Оның құрамына көлік прокуратурасының, ІІМ және ТЖМ тәжірибелі қызметкерлері кірді”, - делінген хабарламада.
Оқиға орнына үкіметтік комиссия құрамында елдің Бас көлік прокуроры барды.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандар саны 28 адамға жеткені белгілі болған еді. Зардап шеккендер әртүрлі дәрежедегі медициналық мекемелерге жеткізілген.
"Оларға облыстың ауруханаларында барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға орнына 23 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Бүгін Астанадан Ақтауға құрамында хирургтар, травматологтар бар мамандар бригадасымен санитариялық авиация борты ұшады", - делінген Денсаулық хабарламада.
Сонымен қатар ұшақта болған адамдардың тізімі жарияланды.
Еске салайық, бүгін, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ құлады. Осыған байланысты ТЖМ түсініктеме берді.
"Ақтауда ұшақ құлаған орынға Қазақстан ТЖМ жеке құрамынан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті".
"Қазаэронавигация" ақпаратынша, Баку-Грозный бағыты бойынша келе жатқан "Эмбрайр190" AHY8243 ұшағы Ақтауда құспен соқтығысқан.
Ал әзербайжандық БАҚ-тың хабарлауынша, бортта 67 адам мен 5 экипаж мүшесі болған.