Бас прокуратура Қазақстан футболында бұрынғы федерация басшылығы Әділет Барменқұловтың кезінде жасалған бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубтарына жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесінде басқарудағы тиімсіздік пен 3 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Негізгі бұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар.
Атап айтқанда, Федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген.
Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлемдер жасалған.
2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған.
Сонымен қатар 135 млн теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады.
Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген.
«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталды.
Еске салайық, бұған дейін ҚФФ бұрынғы басшысы Әділет Барменқұлов тергеуге ілінгенін хабарлаған едік.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшысы Әділет Барменқұлов тергеуге ілінгенін растады.
БАҚ тарапынан келіп түскен сұраныстарға байланысты, ҚМА Қазақстан футбол федерациясының бұрыңғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағанын растады.
Барлық тергеу әрекеттері заңнама талаптарына сай жүргізілуде.