Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы ер адамның туыстарымен видео жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жәбірленуші тарап қазіргі таңда Бақытжан Базарбек олардың қасында екенін айтты.
Барынша көмегін көрсетіп жатыр. Бауырымның аяқтан тұрып кетуіне көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлерге де алғыс айтамыз, - дейді жәбірленуші тарап.
Видеода экс-депутат та пікір білдірді.
Бауырымыздың емі жүріп жатыр. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау саласы тарапынан бірталай көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер, сарапшылар келіп, Нұржігіт бауырымызға көмектесіп жатыр. Дәрі-дәрмегін үзбей беріп жатыр. Денсаулығында оң өзгерістер бар, - дейді Бақытжан Базарбек.
Экс-депутат алып-қашпа әңгімеден аулақ болуға шақырды.
Еске салайық, Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына түсіп, салдарынан бір адам зардап шеккені туралы ақпарат тараған болатын. Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында, Луговое ауылының маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолдың осы бөлігінде бұған дейін өзге машина малды қағып кеткен. Жолда жануардың өлексесі қалған. Оны алып тастау үшін ер адам көлік жолына шыққан сәтте Toyota көлігі қағып кеткен. Желідегі ақпарат бойынша, көлік тізгінінде Бақытжан Базарбек болған.
Артынша Бақытжан Базарбектің өзі де жол апатына қатысты пікір білдірді.