Бақыт Есімова Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорданың хабарлауынша, тиісті өкімге Мемлекет басшысы қол қойған.
«Мемлекет басшысының өкімімен Бақыт Амангелдіқызы Есімова Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Бақыт Есімова кім?
Бақыт Есімова 1984 жылғы 29 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданының Майқайың ауылында дүниеге келген.
Ол Санкт-Петербург мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетін, сондай-ақ АҚШ-тағы Калифорния университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстан жастар конгресінде бастаған. Бұл ұйымда менеджер қызметінен атқарушы директор аппаратының басшысы лауазымына дейін көтерілген.
2007-2008 жылдары «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-да сарапшы болып жұмыс істеді.
2008-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Стратегиялық жоспарлау және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
2010 жылы Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдан кейін осы департаментті басқарды.
2013-2015 жылдары Ақмола облысы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарды.
2015 жылдан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Астана қаласының ішкі саясат департаментін басқарды.
2020 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың мамырына дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары болды.
Ал 2022 жылдың мамырынан бастап Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып келді.