Бақытгүл Зарқұмар: «Дәстүрлі поэзияны бұзып-жару – қылмыс!»

Dalanews 09 қар. 2015 02:36 1059

Жуырда Алматыда «Полифония» халықаралық әдеби байқауы өткенін өткен нөмірде жазған болатынбыз. Шетелден жаңашыл ақындар мен жазушылар шақырылып, еліміздегі әдеби ортамен таныстыру мүмкіндігін туғызған байқау да өз мәресіне жетті. Біз осы байқауға қатысқан ақындардың бірінен шағын сұхбат алған едік.

 Бақытгүл ЗАРҚҰМАР, ақын:

 «Дәстүрлі поэзияны бұзып-жару – қылмыс!»

 – Бұл фестивальдің ерекшелігі неде? Елімізде өтетін өзге әдеби конкурстар мен жиындардан қандай айырмашылығы бар?
– «Полифония» әдеби фестивалі қоғамдағы қалыптасқан көзқарастар мен қатып қалған қағидаларға бағынбайтын ерекше аудиториясымен ерекшеленді десем болады.
Поэзиялық оқулар, мастер-кластар, пікірталастар жақсы өтті.
– Фестивальге келген қонақтармен шығармашылық байланыс орнатудың сәті түсті ме? Өзіңіз қандай ақындармен таныса алдыңыз? Олардың өлеңдерінен қандай жаңалық байқадыңыз?
– Фестивальге келген қонақтармен арқа-жарқа араласып кеттім деп айта алмаймын. Бірақ, ішінара аурасы анық болмаса да, энергиясымен тартқандары болды.
Менің байқағаным, дәстүрлі поэзиядан гөрі модернистік бағытты ұстанған жастар аз емес екен.
– Мұндай халықаралық әдеби байқауларды қазақтілді әдеби орта неге өткізбейді? Қазақы әдеби орта неге бұйығы? Өз ішінде өзі қайнаудан жалығатын кез жеткен жоқ па?
Біздің қазақтілді ортада әдебиетке жанашырлық жоқтың қасы. Анда-санда жылт еткізіп, қазынаның қалтасынан жырымбақтап жүріп қаржы шығартып өткізетін әртүрлі әдеби конкурс, мүшәйраларының өзі әділ өтпейді.Талантты жастарды қолдайтын ниет жоқ, пиғыл тар.
– Өз өлеңдеріңізді өзге тілге аударту жоспарыңызда бар ма? Егер аударса, өзгелер қалай қабылдайды деп ойлайсыз?
– Маған өлеңдерімнің басқа тілге аударылуы мақсат емес. Бірақ, егер аударылатын болып жатса, моңғол тіліне аударылады деп ойлаймын.
– Әдеби жаңашылдық дегеніміз не? Бүгінгі қазақ поэзиясында жаңашылдық бар ма?
– Менің пайымдауымша, әдеби жаңашылдықтың болғаны дұрыс. Алайда, поэзияның дәстүрлі заңына бағынбаса да, өлеңнің болмысын жоғалтпаған абзал.
Дәстүрлі қалыпты бұзып-жарып, барды жоғалтып, жоқтан бар жасауға тырысу – қылмыс!
Ал қазіргі қазақ поэзиясында жаңашылдық жоқ деуге болмайды. Модернизмді іздегендер Тыныштықбек Әбдікәкімұлын, Сұраған Рахметұлын, Жанна Елеусізованы, Гүлнәр Салықбаеваны оқып көрсін!

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар