Бапи

Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ҚТЖ-дағы былық пен оған Асқар Маминнің қатысы туралы ашық айтты. Депутаттың сөзінше, ҚТЖ-ға қатысты даулы мәселе ескі Қазақстан кезінде жабулы қазан күйінде болған, - ...

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ҚТЖ-дағы былық пен оған Асқар Маминнің қатысы туралы ашық айтты. Депутаттың сөзінше, ҚТЖ-ға қатысты даулы мәселе ескі Қазақстан кезінде жабулы қазан күйінде болған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ҚТЖ-ның тақырыбы - әбден жауыр болған тақырып. Мамин кетті ғой, сол кезден бастап туған тақырып. Ескі Қазақстанның кезінде, Назарбаевтың кезінде ол мәселені көтеруге мүмкіндік бермеді. Сол кездің өзінде Маминнің соңында 12 млрд. доллар қарызға алды деген ақпарат шыққан. Оны ашық ақпараттан көруге болады. Бертін келе ол қарыздың құрылымы қалай болып кеткенінен хабарым жоқ. Бірақ ондай ақпарат болды. Ол ақпаратты бір ғана ресурс айтқан жоқ, бүкіл Қазақстанда науқандық әңгіме болды. Одан бергі ҚТЖ-ның қарыздары неше түрлі құрылымдық жолмен кемітілген шығар. Бірақ қазірдің өзінде 5-6 млрд. доллардың көлемінде әңгіме болып жүр", - деді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ, депутат мұндай әңгіменің шетін шығаруға биліктен нақты пәрмен болған деген пікірде.

"Әлихан Смайылов қанша мықты болғанымен, мемлекеттік басшылықтан ары асып кете алмайды. Бұл жерде көңіл көншітетін дүние, менің өзім разы болатыным - мемлекеттік саясат тұрғысынан, саяси басшылықтан ишара жасалды. Осыған разы болу керек. Қопарудың пісімілләсі басталды. ...Қалай болғанда да Әлихан Смайылов осы мәселені айтар алдында Үкімет басшысымен, тіпті Президентпен, басқа лауазымдық тұлғалармен келісім (жасады - еск.), тіпті ол жақтан "қопарту бастаңдар" деген команда болуы мүмкін. Тоқаев мырзаның өзі "кіріс мынаның бәріне" деп айтуы мүмкін. Мен солай деп ойлаймын. Тоқаев мырзаның тарапынан ишара болса, бүкіл ел бойынша квазимемлекеттік секторлардың бәрін қопару басталуы керек", - дейді саясаткер.

Бұған дейін Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның қарызы шамамен 3 триллион теңгеге жеткенін айтты. Ол ҚТЖ-ға банкрот қаупі төніп тұрғанын да ашық мәлімдеді.

"Соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд. теңге жұмсалған. Бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. ...Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредит қаупінің "қызыл" аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңге болды, ол әлі де өсіп жатыр. Жалпы борыштың 45 пайызы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған", - деді ол.

Артынша мәселеге белгілі экономист Олжас Құдайбергенов пікір білдірді.

"Смайылов премьер болған кезде ҚТЖ туралы біраз сын айтты, мақтағаны да бар. Әрине, қазіргі проблемалар көбіне Мамин кезінде туындады. Бірақ енді Жоғарға аудиторлық палатаға келген соң (Смайылов - еск.) осындай критиканы неліктен айтқаны түсінікті. Смайыловтың толық есебін қөрсеңіз, ол жерде біраз жақсы ұсыныс бар. Көбі - өзі премьер болған кезінде қолдаған ұсыныстар. Тек екі оймен келіспеймін: банкрот болатынына, сосын ҚТЖ-ны сыртқы басқаруға беруге", - дейді Олжас Құдайбергенов.