ҚР Ұлттық банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Алғашқы транзакция 15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында екінші деңгейлі екі банктің қатысуымен жасалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Банкаралық QR төлем қызметі азаматтарға QR төлемдерін жылдам және ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның (NDFI) құрамдас бөліктерінің бірі болып саналады.
Бұл жаңашылдық банкаралық QR төлемдерін енгізу кәсіпкерлік субъектілеріне әртүрлі банктердің бірнеше терминалдарын орнату құнын төмендетуге, ал азаматтарға QR-код арқылы елдегі кез келген банктің терминалы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде банктер NDFI инфрақұрылымына қатысу аясында банкаралық транзакцияларды өңдеу құнын төмендету және клиенттерге төлем қызметтерін кеңейту есебінен шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік алады.
Қазіргі уақытта банкаралық QR төлем жүйесінің функционалдығы қамтамасыз етіліп, қатысушы банктерді кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның кеңінен қолданысы 2025 жылы болады деп жоспарланған.
Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі ұлттық валюта – теңге күнінің құрметіне орай 2025 жылдың I тоқсанында жаңа "Цифрлық инвестициялық монета" жобасын іске қосу жоспарымен бөліскен.
Қаржыгерлер конгресінде сөйлеген сөзінде Ұлттық банк төрағасы Тмур Сүлейменов Қазақстан Орталық Азия аймағындағы ең үздік, үлгі аларлық цифрлық орталық банк құруға бет алғанын, оның ішінде Цифрлық теңге платформасы, Open API & Open Banking платформасы мен ұлттық төлем жүйелері сияқты жобалар барын айтқан болатын.