Банк жүйесіне өзгерістер керек - депутат Сабильянов

Сағыныш Сардарова 02 мам. 2025 15:13 621

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов банктер жоғары пайызбен несие беретінін ескеріп, алдағы уақытта несие мөлшерін жеңілдетуді көздейтін заң қабылданатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бірыңғай жүйе болуы керек.

"Біз осы  мәселені көтеріп келе жатырмыз. Мысалы Қазақстанның даму банкі бар. Ол ірі кәсіпкерлікті қаржыландырады. Осы банкті реформалап, осы банкке қаражат жинап, жеңілдетілген несие беру керек. Оның мақсаты - бизнеске жылдық 8-9 пайыздан аспайтындай несие беруді қамтамасыз ету. Сонда ғана экономиканы дамытамыз, сонда ғана кәсіпкерлік алға қарай дамып, жалпы халықтың жағдайы жақсарады. Басқа жол жоқ. Субсидиямен азайтатын болсақ та ол мәселе шешілмейді. Қазір қалай? Егер банктен 22 пайызбен бизнес субъектісі несие алатын болса, мемлекет оның 12 пайызын бюджет есебінен жауып беріп жатыр", - деді ол.

Нұртай Сабильяновтың пікірінше, бұл дұрыс шешім емес, депутат бұған мемлекет қаражат жұмсамау керек дейді.

"Екінші жағын билік ұмытып жатыр. Банкке берген ақша - банкті әрі қарай қолдау деген сөз. Банктер ешқашан да өзінің пайызын төмен түсірмейді", - деді ол.

Депутат банк жүйесіне өзгеріс енгізу қажет екенін мәлімдеді.

"Бізде "Отбасы банк" бар. Тұрғын үймен қамтамасыз етумен, ипотека берумен айналысады. Кезінде ипотека да өте қымбат болды. 20-25 пайыз. Қазір 7-9 пайызбен "Отбасы банк" беріп жатыр. Міне осындай банк құрып, жалпы экономиканы, азаматтарды қаржыландыруды қолға алуымыз керек. Өйткені қазіргі жағдай төмен. Бұл қолға алынбаса, бізде ешнәрсе шешілмейді. Осыны бірнеше рет жазып, көтеріп, қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Ұлттық банк пен агенттік жылдық сыйақы мөлшерін 46 пайыз етіп қойған. Банктер бизнеске 20-25 пайызбен беріп жатыр. Ал әрі қарай 46 пайызға дейін тұтынушы несиесі беріліп жатыр және де банктер өздері құрған кейбір қаржы ұйымдары арқылы да арзан пайызбен беруі мүмкін, бірақ әрі қарай олар халыққа тұтынушы несие ретінде қымбат пайызбен береді. Яғни біз банкті қаржыландыруға, банктің жағдайын жақсартуға жұмыс істеп жатқан мемлекетпіз, шынын айту керек. Сондықтан осындай болмауы үшін жалпы банк жүйесіне өзгерістер керек", - деп түйіндеді Сабильянов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар