«Қазақмыс» корпорациясының Балқаш өндірістік алаңындағы кәсіпорындарда өндірістік үдерістің тұрақтылығын арттырып, қуатын дамытуға бағытталған өндірістік жобаларды іске асыру жалғасуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өңірге жұмыс сапары барысында өндірістік нысандардың қазіргі жағдайымен, атқарылған жұмыс нәтижесімен және болашақтағы даму жоспарымен танысты.
Бұған дейін жоспарланған шаралар аясында бірнеше кәсіпорында өндірістік және гидротехникалық нысандарды жаңартуға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыс толық аяқталды. Атап айтқанда, байыту фабрикасының ұсақтау цехындағы №9 ауыстырып тиеу торабы жөнделді, сондай-ақ қалдық сақтау қоймасының бөгетін көтеру жұмысы жүргізілді. Алдағы уақытта бөгетті ұлғайтудың екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда.

Өндірістік қуатты дамытумен қатар, көлік және технологиялық инфрақұрылымға да ерекше көңіл бөлінуде. 18 ашық вагонға арналған жылыту жүйесі бар жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылуда. Бұл жылжымалы құрамның тоқтап тұруын азайтып, концентраттың үздіксіз тасымалдануын қамтамасыз етеді, сондай-ақ өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Сонымен қатар Ванюков пешіне көмір тозаңын жеткізудің жаңа жүйесін енгізу қарастырылуда. Жоба шикізатты өңдеудің технологиялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сапар қорытындысында Руслан Өскенәлі Балқаш өндірістік алаңының одан әрі дамуы үшін өндірістік базаны жетілдіру, кәсіпорындардың тұрақтылығын сақтау және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау негізгі бағыт болып қала беретінін атап өтті.
