"Балаларға жеңілдік бермеген". Жолаушылардың FlyArystan-ға наразылығы күшейіп барады

Dalanews 02 қаз. 2023 08:50 915

Көлік прокуратурасының басқосуында әуе билетінің бағасы мен рейстердің шектен тыс кешігуіне байланысты өтемақы енгізудің жаңа ережелері талқыланды. 

Жиында кейбір әуе компанияларының қауіпсіздік талаптарын ескермей, жолаушы қауымның құқығын аяққа таптағаны мәлім болды деп жазады Dalanews.kz. 

Атап айтқанда, тасымалдаушылар халықаралық сапарда 2 жастан 12 жасқа дейін, ал ішкі рейстерде 2 жастан 15 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыларға 50 пайыздық жеңілдік қолдану шартын сақтамаған.

«Айталық, ірі әуекомпанияларының бірі билетті ресми сайты арқылы саудалаған кезде жолаушыларға 11 жасқа дейінгі балалар тарифін қолданады, заң бойынша ол 15 жасқа дейін болу міндетті. Билетті сатып алуға арналған онлайн платформаларды пайдаланғанда «жеңілдік» мүлде қолданылмайды. Осының алдында прокуратураның талабын тыңдамаған  FlyArystan мен Qazaq Air әуе компаниялары халықаралық рейстерде «балаларға жеңілдік» бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - деп хабарлады мекеме.

Шарада Азаматтық авиация комитетіне кәмелетке толмаған жолаушылар үшін жеңілдіктерді қолдану тәртібін тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін алгоритм әзірлеу тапсырылды.

Өз кезегінде Тұтынушылар құқығын қорғайтын комитетке меморгандармен бірлесіп, рейсті кешіктірген тасымалдаушылардан айыппұл өндіру (бір сағатқа кешіккені үшін билет бағасының 3 пайызы) процесін жетілдіру және балалар билеті үшін артық төленген ақшаны қайтару мәселесі жүктелді.

Ал FlyArystan-ға жолаушылардың наразылығы күшейіп барады. Бұған дейін редакциямызға хабарласқан Алия Тасмағамбетова есімді оқырман әуе компаниясының баға саясаты әділетсіз екенін айтқан еді.


"Fly-ды лоукостер деп айтуға ауыз бармайды. Халықаралық рейстерде бұл компанияға күніңіз түспесін. Қара суға дейін саудалайды. Шетелдің осы санаттағы компаниялары таңдайыңды жібітетін су мен азын-аулақ тіскебасарды міндетті түрде береді.

Тамыз айында елге оралмақ болып, Ыстамбұл - Астана бағытына билет іздедік. Fly-дың билеттері қызым екеумізге 209 мың теңгеге айналды. Ұшардан бір апта бұрын қосымша багаж қажет болып (30 келі), бұған қосымша 62 мың теңге төледік. Жиынтығы 271 мың теңгеге шықты. Мұны арзан деп ойлаған біз, қатты қателесіппіз.

Сөйтсек Air Astana-ның бағасы бұдан әлдеқайда арзан болып шықты. Ыстамбұл - Астана бағытына бір адамға 104 мың теңгеге сатылып жатқанын кеш білдік. Мұның ішіне жолдағы ас-суыңыз бен әр адамға 23 келіге дейінгі ауыр жүгіңіздің бағасы қоса кіреді. 11 жасар қызым екеуімізге Air Astana-ның билеті 208 мыңға айналар еді.

Бұдан кейін Fly-ды лоукостер қалай айтамыз? Компанияның баға саясатын бақылайтын құрылым жоқ па?", - дейді жолаушы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар