Балалар медицинасына бөлінетін қаржы көлемі 585 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл сайын туа біткен даму ақауы бар шамамен 1,5 мың нәрестеге және жүрек ақауы анықталған 2 мыңға жуық балаға ота жасалады. Сондай-ақ операциядан кейінгі нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 88%-дан 93%-ға дейін артқан.
Соңғы жылдары балаларға көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыру көлемі екі еседен астам ұлғайып, 585 млрд теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылатын азаматтар саны 1,9 миллионнан 3,4 миллион адамға дейін көбейген.
Тәуелсіздік жылдарынан бері ана өлімі 6 есе азайса, нәресте өлімі 7,5 есе төмендеген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, елде 81 медициналық оңалту орталығының желісі дамып келеді. Бұдан бөлек, 273 қалалық және 152 ауылдық әйелдер консультациясы, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталықтар жанындағы 24 консультация қызмет көрсетеді.