Күршім ауылындағы орталық саябақ кешенді жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген бұл шара бүлдіршіндерге бағалы тарту болғандай.
Жаңа саябақтың ішінде ойын алаңқайы, футбол және баскетбол алаңдары, тіпті шахмат үстелдері де бар.
Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Заитовпен Мақсат Толықбай күршімдіктердің қуанышына куә болып, мерекесін жаңа саябақта атап өтіп жатқан бүлдіршіндерге жылы лебіз арнады.
– Балалардың күлкісі үзілмесін. Олардың әрбір күні бүгінгідей шуақты болса екен дейміз. Ел ертеңі жарқын болсын! – деді Мәжіліс депутаты Ринат Заитов.
Айта кетейік, саябақты жөндеу жұмыстары өткен жылдың соңында аяқталған. Тиісті құжаттама реттелгеннен кейін саябақ пайдалануға берілді.
Көктемде бақ ішіне тал егілді. Жөндеу жұмыстары аясында гүлзарлар дайындалған болатын, бүгінге дейін көгалдандыру жұмыстары толық жүргізілді.
Саябақ ішіндегі жолдар жөнделіп, жарық тартылған. Қоршау да жаңартылды. Балалар мен жасөспірімдерге қажетті жабдықтар тұтас бар екенін айттық. Сонымен қатар саябақ ішінде бұқаралық іш-шараларды өткізуге арналған арнайы орын бар. Балалар мерекесі бүгін сол жерде атап өтілді.
Салтанатты түрде қызыл лентаны қиған мәдениет саласының ардагері Шәкерхан Тойбаев балаларды және жергілікті халықты құттықтай келе атқарылған жұмысқа жоғары баға берді.
– Балалардың уақытын тиімді өткізуіне, жастардың спортпен шұғылданып шыңдалуына, үлкендердің серуендеп сейіл құруына да ыңғайлы орын болды. Бұл енді ауылдықтардың сүйікті демалыс орнына айналады, – деді ауыл ақсақалы.