"Балалар 5 жыл бойы құлдықта болған". Зәкиева Ұлытаудағы сұмдық жайт туралы айтты

Қаракөз Амантай 19 ақп. 2024 13:02 1428

Ұлытау облысында жетім балалар 5 жыл бойы құлдықта болған. Олардың фермада қара жұмысқа жегілгені белгілі болды. Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шенеуінік Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ-мен істің мән-жайын анықтау үшін қажетті шараларды жүргізген.

"Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала – 1 қыз және 2 ұл бары анықталды. Патронаттық тәрбиеге алған отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы алған. Бұл уақытта балалар 14, 12 және 8 жаста болған. Балалардың үлкенін қалаға 20 км қашықтықтағы өз фермасында еркінен тыс ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы мен 18 сиыр бар", - деп жазды Зәкиева.

Оның хабарлауынша, фермаға арнайы барған комиссия мүшелері балалардың жағдайын көріп, жағаларын ұстаған.

"Олардың денелері көгерген әрі тыртыққа толы болды. Сонымен қатар жүдеу, шаршаңқы, аш, кір-қожалақ, киімдерінің алба-жұлбасы шыққан. Балаларды қамқорлығына алған ата-ана оларды осылай азаптап келген. Ең сорақысы қамқоршы 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген. Үлкен қыз колледжді тәмамдаған. Алайда іс жүзінде сабаққа мүлде бармаған. Ортаншы ұл колледжде оқиды. Құқық қорғау органы білім мекемесін тексерсе, ата-анасы тарапынан үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынып отырған екен. Қамқоршы қызды жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан", - дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Белгілі болғандай, бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа да балалар жайлы сұрастырған екен. Зәкиеваның айтуынша, бұл мәселе бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сараптама жүргізіліп жатыр екен.

"Қазір балалар бірге әрі қауіпсіз жерде. Тиісті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасап, көмек көрсетуді, балалардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауына алды. Басынан бастап балалардың қасында болған өңірлік уәкіл Гүлмира Алпысбайқызына және мәслихат депутаты Еркебұлан Бодықовқа алғыс айтамын", - деп сөзін қорытындылады Динара Зәкиева.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек,құлдықта болған балалардың өгей анасы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. 3 баланы асырап алып, қара жұмысқа жеккендердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x