Елордада 3 жасар баласын “Астана-1” вокзалына тастап кеткен 25 жастағы ана қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Buzyq телеграм арнасының мәліметінше, әйел қамауға алынбаған жағдайда айыппұл арқалауы мүмкін, не қоғамдық жұмыстарға тартылады.
“Баласын “Астана” вокзалында қалдырған 25 жастағы ана 45 күнге қамалуы мүмкін (психикасы сау болса, әрине). Бұл — “Қауiптi жағдайда қалдыру” бабының бірінші бөлігінің ең қатаң жазасы. Қамауға алмаған жағдайда 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады”, — дейді Buzyq телеграм арнасы.
Арна ақпаратынша, үш жасар бала Астана қаласы әкімдігінің қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді.
“Осы баланы өткен аптада анасы Астананың ескі вокзалында қалдырып кетті. Кейбір деректер бойынша, қалтасында "Баладан бас тартамын" деген қағазы болған. Қазір ол "Балаларға қолдау көрсету орталығында", — дейді дереккөз.
Еске салайық, бала туралы ақпарат әлеуметтік желіде 5 қаңтарда пайда болды. Сағат 18:00 шамасында 3 жастағы баласын ескі теміржол вокзалына тастап кеткен әйел іздестіріліп жатқаны хабарланған болатын.
“Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Астана вокзалындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері баланың анасын іздеп тапты. Ол бұрын психиатриялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болды. Қазір сәбидің анасы полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта сәбиді қауіп-қатерге қалдыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр”, - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттық рухы агенттігіне берген түсініктемесінде.