Бакеева? Еліміздегі барлық мектептерде тексеріс жүргізіледі - Білім министрі

Dalanews 02 қар. 2021 12:01 756

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жақында елорданың №58 мектебінде ата-аналардың ресми түрде бас тартуына қарамастан балаларға жасырын екпе салып жатыр деген оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ке сілтеп.

Айта кетсек, қазан айының басында коронавирус вакцинасына қарсы белсенді Айна Бакеева мен оның серіктестері мектепке кіріп, жанжал шығарған болатын.

"Балалар қауіпсіздігі туралы сөз еткенде елорданың №58 мектебінде болған жайтты айтпай кетуге болмайды. Бұл мектептің ішкі ережесінің бұзылуы, бөгде кісінің сабақтың өтуіне кедергі жасап қауіп төндіруі. Аталған мектеп басшылығы тиісті шара қолданып, жедел әрекет етпеді. Жалпы айтқанда балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үнемі маңызды", - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат кеңесі жиынында.

Министрдің айтуынша, кез келген білім беру ошағы балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуі тиіс.


“Қауіпсіздік алгоримті, шешімдер, техника, бейнебақылау камерасы бәрі де балалардың қауіпсіздігі жолында жұмыс істеуі керек. Бұл жағдайды мектептегі қауіпсіздікке жүргізілген тексеру болды десек болады. Ал егер мүлдем басқа адамдар болса не болар еді ? Ол аздай оқиға өткеннен кейін араға бірнеше күн салып айтыла бастады. Мектеп басшылығы болған жағдайға жедел әрекет етпеуімен қатар, оны жасырып бақты. Еш әрекет етпеді", - дейді ол.

Осы оқиғадан кейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қараша айының екінші жартысында еліміздегі мектептерде республикалық тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.

"Біз осындай жағдайлар үшін күзет қоюға арнайы тапсырма бердік. Болған жағдай мәселенің толық шешілмегенін көрсетті. Сондықтан қарашаның екінші жартысында қосымша республикалық тексеріс жүргізіледі. Қажетті уақыт берілді, қаражат бөлінді, проблеманы шешуге мүмкіндік бар. Тағы да қайталаймын, ең маңызды мәселе – балалардың қауіпсіздігі", - деді министр.

Айта кетері, әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше әйел мектеп оқушыларына білім мекемесінде вакцина салынып жатқанын айтқан, ролик ата-аналар чаттарын дүрліктірді.


Елорданың білім басқармасы 58-ші мектептің директоры оқиға кезінде орнында болмағанын хабарлады. Ол қалалық әкімдіктегі жиналысқа кеткен. Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі Айна Бакеева мен мектепке баса-көктеп кірген басқа да әйелдердің үстінен шағым түсірді. Айтуларынша, олар күзетші мен медицина қызметкерін ұрып-соғып, жалған ақпарат таратқан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар