Бүгінде D дәруменінің тапшылығы әлем бойынша бір миллиардтан астам адамға әсер етіп отырған жаһандық мәселе ретінде танылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның жетіспеушілігі тек сүйек жүйесіне ғана қатысты емес. D дәруменінің деңгейі төмен болған жағдайда адамдар жиі ауырады, жүрек-қан тамырлары ауруларының, аутоиммундық дерттердің, диабеттің екінші типі және депрессиялық жағдайлардың даму қаупі артады.
D дәрумені жеткіліксіз болған кезде адамдар жиірек сырқаттанады, оларда жүрек-қан тамырлары ауруларының, аутоиммундық бұзылыстардың, қант диабетінің екінші типті және депрессиялық күйзелістердің қаупі жоғарылайды.
Соған қарамастан, көптеген адамдар әлі күнге дейін D дәрумені тапшылығын жай ғана сәнге айналған диагноз ретінде қабылдап, оны денсаулыққа төнетін нақты қауіп деп есептемейді. Алайда клиникалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кеңсе қызметкерлерінің басым бөлігінде D дәруменінің жеткіліксіздігі немесе тапшылығы анықталған. Олардың көбі өздеріндегі күйзеліс пен жиі болатын суық тиюдің негізгі себептерінің бірі дәл осы D дәруменінің тапшылығы екенін білмеген.
Неліктен бұл зерттеу Қазақстанда жүргізілді?
Зерттеу авторларының айтуынша, бүгінде D дәруменінің тапшылығы туралы ақпарат көп болғанымен, кеңсе қызметкерлері арасында бұл мәселе жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ал дәл осы санат елдегі еңбекке қабілетті халықтың басым бөлігін құрайды. Бұған дейін олардың өмір сүру салты тұрақтырақ әрі сапалы тамақтануға қолжетімді болғандықтан, дәрумендер деңгейі қалыпты деп есептеліп келген. Алайда іс жүзінде бұл пікірдің қате екені анықталды.
«Кеңсе қызметкерлері күнінің көп бөлігін ғимарат ішінде өткізеді және күн сәулесін көбіне терезе арқылы ғана көреді. Бұл D дәруменінің түзілуі үшін жеткіліксіз, өйткені теріде осы үдерісті іске қосатын ультракүлгін сәулелер әйнектен іс жүзінде өтпейді. Адамдар сыртқа шыққанның өзінде тікелей күн сәулесінен жиі қорғанады, қажетті ультракүлгін сәуленің 95 пайызына дейін бөгейтін SPF-қорғаныш кремдерін пайдаланады немесе ультракүлгіннен қорғайтын жабық киім киеді. Бұған қоса, жол-жөнекей тамақтану, дұрыс тамақтану тәртібінің сақталмауы және тұрақты күйзеліс жағдайы да әсер етеді. Осылайша кеңсе қызметкерлері D дәрумені тапшылығы қаупі жоғары топқа жатады. Соған қарамастан, соңғы уақытқа дейін Қазақстанда осы факторлардың қандағы нақты көрсеткіштерге қалай әсер ететіні жан-жақты зерттелмеген», – делінген зерттеуде. (https://www.pharmacoeconomics.ru/jour/article/view/525).
Кімдер және қалай зерттелді?
Зерттеу Алматы қаласында 18 бен 44 жас аралығындағы 151 кеңсе қызметкерінің қатысуымен жүргізілді. Қатысушылардың басым бөлігін әйелдер құрады. Олардың орташа жасы шамамен 33 жас төңірегінде. Зерттеуге қатысқандардың барлығы дерлік күніне кемінде сегіз сағат кеңседе жұмыс істеген. Сонымен қатар олардың көпшілігі серуендеп жүрген, кейбірі спортпен айналысқан, ал шамамен төрттен бірі дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды қабылдаған. Жалпы алғанда, олар өздерін дені сау адамдар ретінде бағалаған.
Зерттеу нәтижелері тек қатысушылар үшін ғана емес, дәрігерлердің өздері үшін де күтпеген жаңалық болды.
«Қатысушылардың 75,5 пайызында D дәруменінің тапшылығы немесе оның төмен деңгейі анықталды. Әрбір үшінші адамның көрсеткіші 20 нг/мл-ден төмен болған. Бұл клиникалық тұрғыдан расталған тапшылық болып саналады. Ал D дәруменінің қалыпты деңгейі әрбір төртінші қатысушыда ғана тіркелді. Қарапайым тілмен айтқанда, еңбекке қабілетті ересектердің төрттен үшеуі D дәруменінің жетіспеушілігімен өмір сүрген және бұл туралы білмеген», - делінген зерттеуде.
Кеңсе қызметкерлерінен алынған талдау нәтижелері олардың басым бөлігінде D дәруменінің деңгейі әлдеқашан төмендегенін көрсетті. Мұндай жағдайда дәрумендік қоспалардың аз мөлшердегі дозалары немесе күн астында сирек серуендеу оның деңгейін қалыпты көрсеткішке дейін жеткізе алмайды.
«Дәрумен жетіспеушілігі ағзада созылмалы аурулардың пайда болуына соқтырады»
Мамандардың айтуынша, D дәрумені әлдеқашан «тек сүйекке арналған препарат» деген түсініктен асып түсті. D дәруменінің белсенді түрі ағзаға кальций мен фосфорды дұрыс сіңіруге көмектеседі. Олардың қажетті деңгейін сақтайды және сүйек тінінің нығаюына ықпал етеді. Әсер ете бастамас бұрын D дәрумені бауыр мен бүйректе белгілі бір өзгерістерден өтіп, содан кейін ғана кальций мен фосфордың ішек, қан және сүйек арасындағы дұрыс таралуын қамтамасыз етеді.
Дәрігерлер D дәруменінің тапшылығын келесі қауіптердің артуымен де байланыстырады:
- жиі жұқпалы ауруларға шалдығу;
- бұлшықет әлсіздігі мен созылмалы шаршау;
- дене мен буындардың ауыруы;
- көңіл күйдің төмендеуі және депрессия белгілері;
- жүрек-қан тамырлары және аутоиммундық аурулар;
- әйелдердегі жүктілік кезіндегі асқынулар немесе ұрықтың сүйек жүйесінің дұрыс қалыптаспау қаупі.
«D дәруменінің рөлі тек сүйек тінін нығайтумен шектелмейді. SF-36 сауалнамасының деректеріне негізделген талдау нәтижелері көрсеткендей, D дәрумені тапшылығы бар пациенттерде жалпы денсаулық жағдайы, физикалық белсенділік деңгейі және ауырсыну синдромының айқындылығы бойынша көрсеткіштердің статистикалық тұрғыдан маңызды жақсаруы байқалды», - деп атап өтілген зерттеуде.
Не істеу керек?
Көптеген адамдар D дәруменін тек алдын алу үшін қажет зат ретінде қабылдап, оны жүйесіз түрде, аз мөлшерде және ағзада тапшылық бар-жоғын анықтамастан қабылдайды. Дәрігерлердің пікірінше, мұндай тәсіл сирек жағдайда ғана нәтиже береді әрі тапшылықтың орны толды деген жалған түсінік қалыптастырады.
«Алдын алу мақсатындағы дозалар D дәруменінің деңгейі бастапқыда қалыпты болған жағдайда ғана тиімді. Егер тапшылық әлдеқашан қалыптасқан болса, мұндай мөлшер қандағы көрсеткіштерді көтере алмайды. Адам бірнеше ай бойы D дәруменін қабылдауы мүмкін, бірақ оның деңгейі төмен күйінде қалады, себебі қабылданатын доза ағзаның нақты қажеттілігіне сәйкес келмейді», - дейді дәрігер.
Кең таралған тағы қателіктің бірі - D дәруменін клиникалық қажеттілікті анықтамай және дәрігердің бағалауынсыз қабылдау. Күнделікті медициналық тәжірибеде, егер адамда тапшылық белгілері немесе қауіп факторлары болмаса, D дәруменіне талдау тапсыру ұсынылмайды.
«Егер адамда белгілі бір белгілер, созылмалы аурулар немесе тапшылық қаупін арттыратын факторлар болса, талдау емдеу тактикасын дұрыс таңдауға көмектеседі. Сондықтан талдауды «сақтық үшін» ғана тапсырып, дәрі-дәрмектерді өз бетінше қабылдауды бастауға болмайды. Тек саналы әрі негізделген тәсіл тиімді нәтиже береді: көрсетілімдерді бағалау, дозаны дәрігердің таңдауы және қажет болған жағдайда көрсеткіштерді бақылау», - деп атап өтеді зерттеу авторлары.
Зерттеушілердің айтуынша, D дәруменінің қандай формада қабылданатыны да маңызды.
«Тапшылық кезінде тек дозаның ғана емес, препараттың түрінің де маңызы зор. D дәруменінің дәрілік түрлері міндетті тіркеуден өтеді, олардың құрамындағы белсенді заттың мөлшері нақты көрсетіледі және әсері болжамды болады. Бұл кездейсоқ тағамдық қоспалардан түбегейлі ерекшеленеді. Өйткені олардың құрамындағы дәрумен мөлшері қаптамада көрсетілген ақпаратқа сәйкес келмеуі мүмкін. Дәл осындай ғылыми негізделген тәсілдің арқасында біз зерттеуге қатысушылардың көрсеткіштерін қалыпты деңгейге жеткізе алдық», - делінген жарияланымда.
Неліктен бұл маңызды?
Бүгінде әлем дәрігерлері D дәруменін жай ғана қосымша ретінде емес, тұрақты күйзеліс, жоғары жүктеме және күн сәулесінің жетіспеушілігі жағдайында ағзаның жалпы жағдайына әсер ететін маңызды фактор ретінде қарастырады. Оның маңызы әлдеқашан дәстүрлі дәрумен ұғымының шеңберінен шығып кеткен.
«Заманауи халықаралық зерттеулер D дәруменінің деңгейі адамның психоэмоционалдық жағдайымен байланысты екенін көрсетеді. Қанындағы D дәруменінің деңгейі жоғары студенттер мен жасөспірімдер арасында депрессия белгілері мен эмоциялық тұрақсыздық сирек кездеседі. Бұл D дәрумені психикалық бұзылыстарды емдейді дегенді білдірмейді. Алайда оның жеткілікті деңгейін қазіргі өмір салты жағдайында психикалық саулықты қолдайтын факторлардың бірі ретінде қарастыруға болады», - делінген зерттеуде.
Бұл ақпарат жалпы таныстыру мақсатында ұсынылған және өзін-өзі диагностикалауға немесе өз бетінше ем қабылдауға арналмаған. Егер денсаулығыңызға қатысты алаңдататын белгілер байқалса, міндетті түрде маманның кеңесіне жүгініңіз.