Продюсер Баян Мақсатқызы әлеуметтік желіде өзіне қатысты айтылған сынға жауап берді. Бұған дейін жазушы Серік Сыбанбайдың продюсер туралы пікірі тараған еді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіде тараған жазбада автор Баян Мақсатқызын сынап, оның қазақ тілді адамдарды “мәмбетке” теңегенін айтқан. Осыдан кейін продюсер Instagram парақшасында бірнеше сторис жариялап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
“Егер сіз менің әкемді құрметтесеңіз, мұндай жиіркенішті жалған сөзді ешқашан айтпас едіңіз. Мен ондай сөздерді ешқашан айтқан емеспін, енді оны сотта дәлелдеуге тура келеді!”, – деп жазды Баян Мақсатқызы.
Сонымен қатар продюсер өзін қаралап жатқан адамдардың көбейгеніне наразы екенін жеткізді.
“Менің атымды қаралағысы келетіндер қаншама, өздері ешқандай жақсы дүние жасай алмайтындар қаншама?!”, – деді ол.
Баян Мақсатқызы қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарға қарсы деген пікірлерге де жауап берді.
“Мені қаралап, өз тіліне, дәстүріне, ұлтына өшпенді деп айыптағанда, менде бір сұрақ туады: онда бүгінгі жастар айтып жүрген әндерді кім жазды? Қазақ қыздары, ар-намыс, рух, қадір-қасиет туралы ең танымал әндерді кім шығарды?”, – деп жазды продюсер.
Ол мұндай әндердің бірнеше жыл бұрын жазылғанын айтып, қазақ тілінде шыққан басқа да көптеген шығармаларын еске салды.