“Қазақтелеком” компаниясының 2025 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есебінде топ-менеджментке төленген сыйақы көлемі жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
QAMS қауымдастығы таратқан мәліметке сәйкес, негізгі басқарушы құрамға берілген төлемдер жалпы және әкімшілік шығыстар қатарында көрсетілген. Құжатта 2025 жылы бұл бағытқа 752,2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғаны айтылған.
Осылайша, компанияны басқарып отырған Бағдат Мусин бастаған топ-менеджерлердің жылдық сыйақысы 752 миллион теңгеден асқан.
Қаржылық есепке сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысында компанияның жалпы кірісі 587,2 миллиард теңгені құраған. Операциялық пайдасы 94,5 миллиард теңге болса, таза пайда көлемі 147 миллиард теңгеге жеткен.
Сонымен бірге есепте компанияның қарыздық міндеттемелері де көрсетілген. Атап айтқанда, қысқа мерзімді несиелер мен жеткізушілер алдындағы берешек көлемі 2025 жылдың соңында шамамен 300 миллиард теңгені құраған.