Желіде әйгілі Backstreet Boys тобының мүшелері Астанада домбырадан сабақ алған видео тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Продюсер Мәлік Хасенов Instagram парақшасында жариялаған видеода топ мүшелерінің "Бәйтерек" монументінде күйді қызығушылықпен тыңдап тұрғанын көруге болады.
Кейін үш музыкант домбыраны өз қолына алған. Видеодан Ник Картердің үстінен қазақтың дәстүрлі шапаны көрінеді.
"Boys Мұқасан" тобы Sphere Las Vegas сахнасында, тұсаукесерде, қыз ұзатуда және басқа да мерекелік шараларда өнер көрсетеді. Қазақша, ағылшынша айтамыз, би билейміз", - деп жазды Мәлік Хасенов.
Айта кетейік, Backstreet Boys - 1993 жылы 20 сәуірде Орландода құрылған америкалық топ.
21 қыркүйекте "Астана Арена" стадионында тарихи іс-шара өтті, елордада әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы өнер көрсетті. Астана әкімдігі мәліметінше, Backstreet Boys концертіне 45 елден 12 мың турист келген.