Азия даму банкі "Қызылорда – Жезқазған" тас жолының құрылысына ақша бөлуі мүмкін

Кәмшат Тілеухан 08 қар. 2024 13:15 1702

Азия даму банкі жалпы құны 300 млн доллардан асатын "Қызылорда – Жезқазған" тас жолының құрылысына ақша бөлуі мүмкін. Бұл туралы 2024 жылы 8 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының 23-ші министрлік конференциясына қатысу үшін Астанаға келген Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакавамен кездесуі кезінде айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Азия даму банкі 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 миллиард долларға жуық жобаларды қаржыландырды. Атап айтқанда, банк Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізін салуға, сондай-ақ Ақтөбе – Қандыағаш жолын қайта жөндеуге қатысқан. 

Қазақстан Президенті жаңа басым бағыттар бойынша бірлескен шараларды одан әрі жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанда экономиканы ырықтандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру үшін қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы декарбонизациялау өзара іс-қимылдың перспективті салаларының бірі екеніне тоқталды.

Масацугу Асакава Азия даму банкі еліміздің экономикалық реформалары мен орнықты даму жолындағы табысын оң бағалады

"Сонымен қатар ол банктің Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, соның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы жетілдіру және инвестициялық ахуалды нығайту бағытындағы ірі жобаларға қатысуға дайын екенін растады. Азия даму банкі президентінің сапары аясында жалпы құны 300 миллион доллардан асатын "Қызылорда – Жезқазған" автожолының құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр", делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұған дейін біз биыл Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы 22 жобаны жүзеге асыруға 650 миллион доллар бөлетінін жазған болатынбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар