Азия даму банкі: Қазақстанның экономикалық өсімі 2024 жылы баяулап, 2025 жылы қайта күш алады

Кәмшат Тілеухан 14 қаз. 2024 14:49 1933

Азия даму банкі (АДБ) Қазақстанның 2024 жылғы жалпы ішкі өнімінің өсімі 3,6%-ды құрайды деп болжайды. Ал сәуір айындағы болжамда бұл көрсеткіш 3,8%-ды құраған болатын. Мұндай төмендеуге басты себептердің бірі ретінде елдің солтүстік өңірлеріндегі көктемгі су тасқыны екені айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сонымен қатар АДБ сарапшылары үстіміздегі жылы ел экономикасының өсу қарқынын бәсеңдетуші басқа да жағымсыз факторларды атап көрсетті.

Экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуімен бірге Қазақстанның салық түсімдері де азайды. Мұнай баждары мен қосылған құн салығынан түсетін кірістер өткен жылмен салыстырғанда төмен болды. Дегенмен, салықтық кірістердің төмендеуі Ұлттық қордан бөлінген жоғары трансферттер арқылы өтелді. Үкімет бұл кезеңде жоспарланған жылдық трансферттердің үштен екісін игеріп үлгерген. Ұлттық банктің үкіметтің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шетелдік кірістерді ұлттық валютаға конверттеуі теңгенің нығаюына ықпал етті.

"Орта мерзімді перспективада Қазақстанның экономикалық өсімі оң көрсеткіштерге ие болғанына қарамастан, елдің тұрақты және инклюзивті экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін фискалдық саясаттағы тәуекел мәселелерін шешу қажет болады", — деді АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумар.

Сонымен қатар, АДБ Қазақстан билігінің биылғы жылы туындаған экономикалық соққыларға қарсы бағыттаған күш-жігерін жоғары бағалайды. Ұсынылған есепте елдегі инфляция көрсеткіші қыркүйек айында соңғы жеті айда алғаш рет аптығын басып, баяулағаны, 8,9%-ды құрағаны көрсетілген, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 17,2%-ды қамтыған еді.

"2025 жылы инфляцияның 6,1%-ға дейін төмендейтіні болжанады, бұл қабылданған қатал монетарлық саясат пен тұрақты валюталық бағамның арқасында мүмкін болмақ. Осылайша валюталық резервтер мен шикізат экспорты кірістерінің тұрақтылығы елдің макроэкономикалық ахуалын сақтауға негіз болуда. Ұлттық қор мен Ұлттық банктің жалпы резервтері 105 миллиард АҚШ долларына жетіп, рекордтық деңгейге жетті. Осыған байланысты, АДБ 2025 жылға арналған Қазақстанның экономикалық өсіміне қатысты болжамды 5,1%-ға дейін арттырды", делінген есепте.

Азия-Тынық мұхиты аймағындағы басқа дамушы елдерге келер болсақ, АДБ 2024 жылғы өсім болжамын 4,9%-дан 5%-ға дейін көтерді. Ал 2025 жылға арналған болжам өзгеріссіз, 4,9% деңгейінде қалды. Аймақтағы инфляцияның деңгейі 2024 жылы 2,8%-ды құрайды деп күтіледі, бұл сәуірдегі 3,2%-дан төмен көрсеткіш. Мұны сарапшылар Кавказ және Орталық Азиядағы валюталардың нығаюымен байланыстырады.

Алайда, аймақтағы негізгі тәуекелдер қатарында протекционизмнің күшеюі, геосаяси шиеленістердің артуы, Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайдың нашарлауы және қолайсыз ауа райы жағдайлары көрсетіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар