Ақауы бар iPhone дауы: “Кселлге” 2,1 млн теңге айыппұл салынды

Ақауы бар iPhone дауы: “Кселлге” 2,1 млн теңге айыппұл салынды
Фото: forbes.kz

iPhone 15 Pro смартфонына қатысты шағымнан кейін "Кселл" компаниясына 2,1 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Қостанай жаңалықтары" газетінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот "Кселл" АҚ-на қатысты істі ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша қараған. Компания мемлекеттік бақылау органының заңды талабын тиісті деңгейде орындамаған деп танылды.

Сот шешімімен "Кселл" 2 млн 162 мың 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл — 500 айлық есептік көрсеткіш. Алайда компания қызметін тоқтату түріндегі қосымша жаза қолданылған жоқ.

Істің қаралуына Қостанай тұрғынының шағымы себеп болған. Ол 2025 жылдың желтоқсанында өзінің iPhone 15 Pro смартфонында ақаулар барын айтып жүгінген. Тұтынушының сөзінше, телефон қуатты тез жоғалтқан, 85 пайыздан артық қуатталмаған және қатты қызған.

Тексеру нәтижесінде Қостанай облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті компанияға құрылғыны ауыстыру немесе оның ақшасын қайтару жөнінде нұсқама берген. Бұл талап 2026 жылғы 6 ақпанға дейін орындалуы тиіс болған.

Іс материалдарына сәйкес, 4 ақпанда смартфон «Кселл» арқылы Apple сервис орталығына жіберілген. Диагностика қорытындысында құрылғыдан техникалық ақау анықталмағаны, тек бағдарламалық қайта орнату жүргізілгені айтылған.

Алайда сотта департамент өкілдері сатушы тарап телефонның не себепті қызып, қуатты тез жоғалтқанын дәлелдей алмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ құрылғыдағы ақаулар тұтынушының келісімінсіз жойылмақ болған. Бұдан бөлек, сервис орталығына жіберілген кезде негізгі шағымдардың бірі — телефонның қызып кетуі құжатта көрсетілмегені айтылды.

Ал "Кселл" өкілдері тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Компания бағдарламалық қайта орнату қалыпты диагностикалық процедура екенін және жөндеу жұмысы саналмайтынын алға тартқан. Дегенмен сот мемлекеттік органның талабы толық әрі тиісті деңгейде орындалмаған деген қорытындыға келді.

Сот мәліметінше, компания "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 30-бабындағы бірнеше талапты бұзған.