“Азия Автоның” бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа үкім шықты

Қаракөз Амантай 16 сәу. 2025 11:52 270

Өскеменде “Азия Авто” компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа (екеуі де — Ресей Федерациясының азаматтары) қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыпталушылар сот залына келмеген, үкім сырттай шығарылды.

Анатолий Балушкин Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы — “Аса ірі көлемдегі алаяқтық” бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Ерік Сағымбаев Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы (“Аса ірі көлемдегі алаяқтық”) және 245-бабы, 3-бөлігі (“Салық төлеуден жалтару, қылмыстық топпен немесе аса ірі көлемде жасалған”) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 10 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Жазасын ол да орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Жәбірленуші тарап — ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің өкілі келтірілген материалдық шығынды өндіру жөніндегі азаматтық талап арызын сот қанағаттандырмады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айыптау нұсқасына сай, Балушкин мен "Азия Автоның" бас директоры Ерік Сағымбаев банктен алынған несиелер мен салықты төлемеу мақсатында 230 млрд теңге қаржыны жымқырған. Бұл қаражат автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыру зауытын салуға арналған болатын. Балушкин 2021 жылдың тамызынан бастап халықаралық іздеуде.

2025 жылдың наурызында сот "Азия Автоның" тағы сегіз топ-менеджеріне үкім шығарды. Олар алаяқтық, қаржы жымқыру және салықтан жалтару баптарымен айыпталды. Екі адам ақталды. "Алаяқтық" бабы кейін "Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік зиян келтіру" бабына ауыстырылды. Сотталғандарға 2,5 жылдан 2 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, олардың тергеу изоляторында және үйқамақта өткізген уақыты ескеріліп, жазалары өтелген деп танылды.

Аталған атышулы іс бойынша жәбірленушілер ретінде Jusan Bank және Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі — Индустрия және құрылыс министрлігі) танылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар