Әзербайжандық кәсіпкер ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына пәтер сыйлады

Сағыныш Сардарова 08 ақп. 2025 12:00 3351

Ақтауда 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған Әзербайжан авиакомпаниясының ұшақ апатынан қаза тапқандарды еске алу шарасы өтті. Бұл туралы azertag.az басылымы жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс-шараны Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі және Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған.

Еске алуға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамоғланов, Қазақстанның Әзербайжандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Әлім Байел, Әзербайжанның Ақтаудағы бас консулы Айхан Сүлейманлы, қаза тапқан қазақстандықтардың отбасы мүшелері, Әзербайжан диаспорасының өкілдері, құтқару жұмыстарына қатысқан мекемелер, Ақтау тұрғындары қатысқан.

"Іс-шара барысында кәсіпкер Амиль Юсифов қаза тапқан қазақстандықтардың жақындарына Алматының жаңа тұрғын үй кешеніндегі бес бөлмелі пәтердің кілттерін табыс етті. Ол Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне, Ақтау ауруханасы мен жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына үш жаңа көлік сыйға тартты", - деп жазылған хабарламада.

Іс-шарада сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұшақ апатының салдарын жою және оның себептерін анықтау, зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылғанын айтты.

Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамоғланов трагедия баршаның жүрегінде терең із қалдырғанын жеткізді.

"Бірақ ол бізді біріктіргенін де айтқым келеді. Тағы да бүкіл әлемге біздің бауырлас халықтар екенімізді көрсетті және бұл сөзбен емес, іспен дәлелденді. Біз мұны өз көзімізбен осы жерден, Ақтаудан көрдік", - деді дипломат.

Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.

Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.

Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар